​Өнеркәсіптік серпіліс: KIA зауытының құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр

0
117

Жобаның инвестициялық көлемі – 105 миллиард теңге.


​Өнеркәсіптік серпіліс: KIA зауытының құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр

ERNUR.KZ. Қазақстанда отандық машина жасау тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі – KIA автокөлік зауытының құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. 2023 жылдың қарашасында басталған бұл жоба – бұрын-соңды болмаған жағдай: алғаш рет оңтүстіккореялық KIA автогиганты өз елінен тыс жерде өндіріс құруға тікелей инвестиция салды.

Жобаның инвестициялық көлемі – 105 миллиард теңге. Жаңа зауыт жылына 70 мыңға дейін автокөлік шығара алады. Сонымен қатар, кәсіпорын 1 500 жаңа жұмыс орнын ашып, аймақ экономикасына елеулі үлес қоспақ.

Өндіріс үдерісі жоғары технологияларға негізделеді: желілерде 68 өнеркәсіптік робот жұмыс істейтін болады, ал автоматтандыру деңгейі – қазіргі заманғы жаһандық автоөндіріс стандарттарына толық сәйкес келеді. Зауытта жалпы 13 модель өндіріледі деп жоспарлануда, олардың ішінде бастапқы кезеңде Cerato, Sorento және Sportage модельдері ұсақтүйінді әдіспен жиналатын болады. Болашақта K5, Ceed, Seltos, Soul, Picanto және басқа да танымал модельдер өндірісі іске қосылады.

Құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді кезеңде: өндірістік корпус салынды, сэндвич-панельдер орнатылды, шатыр жабылды, еденнің қара қабаты құйылды. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея мен Қытайдан жеткізілген жабдықтарды орнату жалғасуда — дәнекерлеу, жинақтау және бояу цехтарына арналған 800-ден астам контейнер жеткізілген.

Дәнекерлеу цехы толық жабдықталған. Қазір бояу және жинақтау цехтарында жұмыстар аяқталуға жақын: ірі түйінді (DKD) және ұсақ түйінді (CKD) жинақтау желілері, сондай-ақ сынақ желісі орнатылған. Мамандар байланыс жүйелерін орнатып, қосымша жинақтау желілерін және панорамалық шатырға желім жағатын роботтарды іске қосуда.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту да қатар жүргізілуде. Биыл кіреберіс автомобиль және теміржол жолдары мен автотұрақтар құрылысын аяқтауға 6,7 миллиард теңге бөлінген. Сыртқы инженерлік желілер тартылып болды.

Мемлекет басшысының жеке бақылауы мен қолдауының, сондай-ақ республикалық бюджеттен уақытылы қаржыландырудың арқасында 2025 жылдың шілдесінде пилоттық автокөлік жинау жоспарланған. Қазан айында сериялық өндіріс басталады.

Сарапшылардың бағалауынша, жаңа зауыттың іске қосылуы өңдеу өнеркәсібінің көлемін 46,5%-ға арттырады. Бұл елдің индустриялық дамуына қуатты серпін беріп, Қазақстандағы өнеркәсіптік серпілістің жарқын символына айналмақ.