Оралда аттракционда зардап шеккен балаларға өтемақы төленеді

0
504

Кәсіпкер бұл оператор-компанияның тоғыз жылдық жұмысындағы алғашқы елеулі оқиға екенін айтты.


Оралда аттракционда зардап шеккен балаларға өтемақы төленеді

ERNUR.KZ. Кәсіпкерлер Оралдағы әткеншектен зардап шеккен балалардың отбасынан кешірім сұрады. Оператор-компанияның өкілдері жарақат алған балаларға өтемақы төлейтіндерін мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.

Айта кетейік, БҚО денсаулық сақтау басқармасы өкілдері оқиға салдарынан 5 пен 10 жас аралығындағы сегіз бала зардап шеккенін айтты. Кейін олар медициналық тексеруден өткен. Онда балалардан ми шайқалуы және аяқ-қол сынуы тәрізді жарақат анықталмағаны айтылды. Балалар амбулаториялық емделуге жіберілген.

"Зардап шеккен балалардың ата-анасынан кешірім сұраймыз. Балалардың ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат жалған. Біз балалардың ата-анасымен кездестік. Олардың денесінде көгеру және ісу белгілері бар. Емделу шығындарын өтейміз", - деді РИА "Мир" ЖШС директорының орынбасары Антон Ротштайн.

Сондай-ақ, кәсіпкер бұл оператор-компанияның тоғыз жылдық жұмысындағы алғашқы елеулі оқиға екенін айтты.

"Беларусь өндірісінен шыққан әткеншек қолданылған. Сот-техникалық сараптама жүргізеді. Техникалық ақаулық, зауыттан немесе кернеудің жоғарылауынан болуы мүмкін. Кез келген техника бұзылуы мүмкін. Қазір аттракцион мөрленіп, жұмыс істемей тұр", - деді кәсіпкер.

Айта кетейік, оқиғаға қатысты соталды тергеу басталған. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын зерттеп жатыр.

Оқыс оқиға 2 мамырда "Чудненко" аттракционында болған. Куәгерлердің сөзінше, асқан жылдамдықпен айналып тұрған аттракцион кенет тоқтап қалған. Салдарынан 5-10 жас аралығындағы сегіз бала түрлі жарақат алып, облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.