Оралда жүргізуші Лексуспен полиция қызметкерлерінен қашып, кісі қағып кетті

0
702

Автокөлік қаққан азамат іштің жабық жарақаты диагнозымен облыстық ауруханаға жатқызылған.


Оралда жүргізуші Лексуспен полиция қызметкерлерінен қашып, кісі қағып кетті

ERNUR.KZ. Оралда «Lexus» маркілі көлігімен полиция қызметкерлерінен қашып, кісі қаққан жүргізуші ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 16 сәуір күні түнгі сағат 23.19-да қалаға қарасты Деркөл ауылында болды.

1987 жылғы С. деген азамат жалған мемлекеттік нөмір тағып, «Лексус ЛХ 470» автокөлігінің рульіне отырған.

Полиция қызметкерлерінің «Тоқта!» деген заңды талабына бағынбай, қашқан сәтте ол рульге ие бола алмай, өз автокөлігінің жанында тұрған 1987 жылғы М. деген азаматты қағып кеткен. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны сол жерде қолға түсірді.

Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610-бабы 1-бөлігі (мүліктердің бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы), 613-бабы 1-бөлігі (полиция қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау), 590-бабы 3, 4, 5-бөліктері (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, жалған мемлекеттік нөмір тағып, айдау) және 476-бабы 6-бөлігі (төтенше жағдай режимiн бұзу) бойынша хаттама толтырылды.

«Жүргізушіге қатысты жүргізілген медициналық куәландыру қорытындысы 0,44 промильді көрсеткен, ол алкогольдік мас болып саналмайды. Сондықтан қосымша сараптама тағайындалды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Автокөлік қаққан азамат іштің жабық жарақаты диагнозымен облыстық ауруханаға жатқызылды», деді Б.Белгібеков.