Орманға әдейі от қойғандар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады - ІІМ

0
587

Орманды қасақана жою немесе зақымдағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Орманға әдейі от қойғандар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады - ІІМ

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басқарма басшсы Ермек Шүлден мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«ҚР Ішкі істер министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ормандарды жою немесе зақымдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Орман қорына кіретін және кірмейтін ағаштар мен бұталарды өрт қою арқылы немесе қоқыспен ластап, өзге де әрекетпен қасақана жою немесе зақымдау ҚР Қылмыстық кодексінің 341-бабымен сараланады. Аталған әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады және ол үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді ІІМ тергеу департаментінің басқарма бастығы Ермек Шүлден.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысындағы өртке байланысты 3 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатынбыз.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі , 341-бабының 1-бөлігі, 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлім етті.

Өйткені, өрт алдында найзағай түсу оқиғалары тіркелмеген. Оның айтуынша, істі тегеу барысында әр түрлі нұсқалар қарастырылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан 98 үй өртеніп кеткен.

Сондай-ақ, тілсіз жау 1936 жылы туған бір тұрғынның өмірін жалмады. Ал өрт кезінде 10 адам жарақат алды. Оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.