«Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасында қазақ тілін оқытудың жаңа жүйесі бекітіледі.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Үкімет осы айда немесе келесі айда бұл тұжырымдаманы бекітуі мүмкін. Оған қатысты ақпан айынан бері бірнеше талқылау өтті. Әсіресе қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, оқыту жүйесін құру айтылды. Оқыту жүйесін құруды 2006-2007 жылдан бастап көтеріп келеміз. Жаңа оқыту жүйесі тұжырымдамаға енетін болса, мектептің бастауыш сыныбынан бастап, мемлекеттік қызметке дейін қазақ тілін үйретудің ортақ жүйесі жасалады. Алғаш рет қазақ тілі сөздерінің лексикалық-грамматикалық минимумдары жасалады. Бүкіл әлемдік танымал тілдердің лексикалық-грамматикалық минимумдары болады, IELTS, TOEFL сынақтары осы қажетті лексикаға құрылады», - деді Ербол Тілешов ҚР Президенті Іс басқармасында «Мемлекеттік тіл – татулық негізі» атты дөңгелек үстелде.
Жаңа оқыту жүйесінде әр сыныпта қанша сөз үйретілетіні, оның қажеттіліктері нақты талаптармен бекітіледі.
«Тәжірибеге сәйкес, мектепте бала 1500-2000 сөз үйренуі керек. Ал қазір қазақ тілі оқулықтарында шамадан тыс 6-7 мың сөзге дейін беріліп жүр. Бұл сөздердің бірі оқытылса, екіншісі ұмытылып жатады. Бірінші сыныптың қазақ тілі оқулығында «ілтипат» деген сөз жүр. Орыстілді бала ілтипатты 1-сыныпта емес, 6-7 сыныпта оқуы керек шығар? Мысалы 8-сыныпта Шыңғыс Айтматовтың «Кассандра таңбасы» шығармасынан мәтін берілген. Бұл гротескілі, метафоралық роман, өзім де әдебиетші бола тұра, бұл романды екі рет оқып, әрең түсінгенмін. Шығарманы түсінбеген бала қазақ тілін қалай үйренеді? Сосын «Қазыбек бидің өмірі», «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Аңырақай шайқасы» сынды тұрмыста қолданылмайтын, әдеби тапсырмалар беріліп жүр немесе етістіктің шақтары секілді қаптаған грамматика жазылады. Осыдан кейін «Қазақ тілі – қиын тіл», «қазақ тілінің мұғалімдері нашар», «қазақ тілінде әдістеме жоқ» деген пікір туындайды. Енді жаңа жүйе бойынша тіл коммуникацияға құрылып, үйретіледі», - дейді тіл маманы.
Сонымен бірге, жаңа тұжырымдамада 9-сыныптан кейін аттестатпен қатар мемлекеттік тіл білу деңгейі бойынша сертификат беру бастамасы жазылған.
«Оқушылар мектепте қазақ тілін 11 жыл оқиды. Колледжге немесе университетке барғанда мектептегі тіл білімі сұралмайды, қайтадан әліппеден бастайды. Мемлекеттік қызметкер – ересек, тағы да қазақ тілі курсына жазылады. Бұл тыңдаушыға мемлекет үшінші рет ақша төлейді. Мемлекеттік қызметте қазақ тілі бастауыш деңгейде оқытылмауы керек, шамамен В2 деңгейінен басталуы керек. Сондықтан, мектеп оқушылары 9 және 11-сыныптан кейін аттестатпен қатар мемлекеттік тілді білетіні жайлы сертификатталады. Мемлекеттік қызметке кірерде де сертификат алуға тиіс. Осындай тіл білу талаптары қойылады», - деді Ербол Тілешов.