«Бұл жерде тек әйелдер, сіз неге жүрсіз жағаласып? Чаттан шығарамын. Мамасына сәлем айтыңыз»
Сурет: i.pinimg.com
Үйде әйел адамның қолы босамай жатса, күйеуінің тамақ істей салуы, балаларының жиналыс, іс-шарасына қатысуы, емханаға қаратуы, қажеттіліктерін жеткізіп бере қоюы - қалыпты жағдай болуы керек.
Әке болу деген – тек сырттай қорған болу емес, баланың өміріне етене араласып, жақын болу. Отбасы – екі адамның түсінісуінен, махаббаттарынан пайда болатын, саналы шешімінен құрылатын орта. Бала да дәл солай. Ендеше, отбасылық, балаға қатысты міндеттер, жауапкершіліктер неге әйелдікі, еркектікі деп бөлінуі керек?
Оқырманның ERNUR.KZ порталы редакциясына жолдаған жазбасын оқып, осындай ой түйдік.
"Биыл үлкен ұлымыз балабақшамен қоштасып, бірінші сыныпқа барды. Балабақшамен қоштасу қарсаңында қызықты бір жайт болды.
Өзім жақында жұмысқа шыққандықтан, жаңа қызметке толық үйренгенше деп күйеуімнен көмек сұраған болатынмын. Біраз шаруаның жүгін сол кісінің мойнына артқанмын. Соның ішінде баланың балабақшаға қатысты мәселелері де кірді.
Апайына ескертіп, «Балдәурен» тобының ата-аналар чатына қосқыздым. Әрі қарай сол чатты бақылап отыру, жалға алатын киім ақшасы, жаттайтын өлеңі, биі – бәрін өз қадағалауына алуды тапсырдым.
Бірақ, ата-аналар тәрбиешілерге сыйлық жасау үшін апайды қоспай жеке чат ашқан ғой. «Балдәуреннен» көшіріп қосқан нөмірлердің ішінде бір еркек жүргенін көріп шошып кетіпті.
Шошығаны соншалық, топты ақшан ана «Бұл жерде тек әйелдер, сіз неге жүрсіз жағаласып? Чаттан шығарамын. Мамасына сәлем айтыңыз» деп ұрсып беріпті. Артынша шынымен шығарып жіберген. Күлкілі, бірақ рас болған жағдай.
Күйеуім аң-таң болып маған хабарласты. «Мыналар қызық қой, шығарып жібергені несі? Мен бөтен біреу емес, әкесімін ғой» деп.
Артынша әлгі анамен сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп, күйеуімнің нөмірін қайта қосқыздым. Соның өзінде «Ата-аналар чатында тек балалардың мамалары не әжелері отыратын еді. Менің мектепте оқитын балаларым бар, балабақшаға екі қызым барады, ешқайсының тобында ер адам көрмеппін. Біртүрлі екен. Қалай сөйлесер екенбіз...» деп қатты ыңғайсызданатынын білдіріп қалды.
Осы ұлымыз дүниеге келгенде біз ауылда, ата-енеміздің қолында тұратын едік. Алғашқы екпесіне бірге барғанымызды көрген біраз жұрт «қатынжанды екен ғой», «үйленбей жүр екен де», «балажанын қарай гөр өзінің» деп біраз әңгіме айтқан. Мені де жақсыатты қылған жоқ. «Баласын көтертіп, емханаға апартқызатын, келешекте еркекті ез қылып жіберетін қатын» атануға сәл қалғанмын.
Негізі, әкелердің балабақшаға, мектептегі іс шараларға баруы қалыпты жағдай болып қабылдануы керек қой. Бала ауырып қалса ауруханаға апару, әр екпелеріне баруы, базарға ертіп апарып киім-кешегін әперуі – осының бәрі үрке қарайтындай әрекет емес. Баласы үшін осындай нәрселерді әкесінің істеуін еркекті сыйламау, майда-шүйдеге араластыру, «Әке» статусын төмендету деп қарауды қоятын кез келген жоқ па?"