Отандық ұшақ Үндістан әуежайында апатқа ұшырай жаздады

0
548

Үндістанның авиация комитеті аталмыш жайтты авиациялық оқиға ретінде қарастырып, тергеуді бастап кеткен.


Отандық ұшақ Үндістан әуежайында апатқа ұшырай жаздады

ERNUR.KZ. Желіде Fly Arystan бортының Мумбай әуежайында Air India ұшағымен соқтығысқаны туралы хабар тарады, деп жазады tengritravel.kz.

"Чиновник" Telegram-арнасы Fly Arystan ұшағының Мумбай әуежайында Air India ұшағымен соқтығыса жаздағанын мәлім етті.

"22 ақпанда Мумбайдан Алматыға ұшып бара жатқан Fly Arystan әуекомпаниясының Airbus A320-200N (EI-KBP) экипажы ұшу жолағын шатастырды. Салдарынан қазақстандық ұшақ жылдамдығын арттырып, әуеге көтерілмек болған Air India әуекомпаниясының Airbus A319-100 лайнерінің жолағына қарай бұрылды. Сөйтіп үндістандық борт ұшуын тоқтатуға мәжбүр болды", - делінген хабарламада.

Абырой болғанда апатқа жол берілмеді. Кейін екі ұшақ та әуежайдан аман-есен ұшып кетті.

Алайда Үндістанның авиация комитеті аталмыш жайтты авиациялық оқиға ретінде қарастырып, тергеуді бастап кеткен.

Tengri Travel тілшісі осы жағдайға қатысты мән-жайды анықтау үшін қазақстандық әуекомпанияның баспасөз қызметіне хабарласты.

"2024 жылғы 22 ақпанда Мумбай-Алматы бағытындағы Fly Arystan KC7858 рейсінде болған оқиға туралы хабардармыз. Әуекомпания Чатрапати Шиваджи атындағы Халықаралық әуежаймен бірлесіп, оқиғаны егжей-тегжейлі қарастырып, нақты деректерді анықтап жатыр", - деп жауап берді компания.