Биылғы жылы 78,2% немесе 3,5 млн банктік операцияны клиенттер онлайн режимінде – интернет және бейне-банкингте жасады.
ERNUR.KZ. 2024 жылы Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) екі бірдей бағдарламасы - "Отау" мен "Наурыз" қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті.
Аталмыш бағдарламаларға сұраныс жоғары болды. Барлығы 68 700 өтінім қабылданды. Қатысушылардың қалыптасқан пулынан бүгінгі таңда 10 000 қазақстандық "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша қоныс тойын атап өтті.
Қыркүйек айында клиенттердің тәжірибесін зерделеп, азаматтардың тілектерін тыңдап, банкте "Отау" және "Наурыз" бағдарламаларының шарттары біріздендірілді. Енді 2 бағдарламаның шарттары бірдей:
- бастапқы жарна - 20% бастап;
- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9%-ға дейін);
- азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін);
Жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 450 млрд теңгені құрайды.
- Биыл барлығы 69 981 заем бердік. Дәл осынша рет біздің азаматтарымыз "Қоныс той құтты болсын!" деген сөз естіді. Күн сайын Отбасы банкінің қолжетімді заемдарын 280 клиент алады. Біз Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосқан "Наурыз" бағдарламасы биылғы жылы көптеген азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге, ертеңгі күнге деген сенімділікті сезінуге мүмкіндік берді. Келесі жылы "Наурыз" бағдарламасы жалғасады. Оның басталуы "Наурыз" мерекесінің қарсаңына жоспарланған. 2025 жылдың маңызды оқиғасы – біз Ұлттық даму институты боламыз. Бұл баспана кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үйлерді бөлу ашық әрі әділ болады дегенді білдіреді. Жаңа жылда қазақстандықтарға қоныс тойларының көп болуын тілеймін, олардың жылы және жайлы жекеменшік үйлері туралы армандары орындалсын, - деді Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ биылғы жылы Отбасы банк ауыл-аймақтарға көптеп көңіл бөлді. Маусым айында "Асыл мекен" пилоттық жобасы басталды. Жоба аясында ауылдық елдімекендерден тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салуға заем алуға болады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Отбасы банк өз қаражаты есебінен 2 млрд теңге бөлді. Соның нәтижесінде 206 ауыл тұрғыны қоныс тойын атап өтті.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде тұрғын үй кезегінде тұрған 7 860 адам баспаналы болды. Олардың барлығы 2% (ЖТСМ 2,0%-дан 2,1%-ға дейін) және 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) мөлшерлемелері бойынша жеңілдетілген заемдар алды. Қаржыландыру сомасы 94,5 млрд теңгені құрады. Бұл ретте аз қамтылған отбасылар 42,4 млрд теңге сомасына 3 356 жеңілдікті несие алды.
Мемлекет қолдауының арқасында енді өз үйлерінде 1 және 2 топтағы 1 070 мүмкіндігі шектеулі азамат, 1 149 көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 850 отбасы, "жетім балалар" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 273 қазақстандық тұрады.
Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шеңберінде 50% мөлшерінде жалға алу ақысы төлемдерін субсидиялау түріндегі көмекті 10 333 адам алды. Бұл 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, "жетім балалар" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар.
Жас қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешуге және елдегі ішкі көші-қонды азайтуға көмектесу үшін Отбасы банк қалалар мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруда.
Биыл жылы олар 17 өңірде – Астана, Алматы, Шымкент пен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында жұмыс істеді. Ынтымақтастықтың жалпы сомасы 2024 жылы 43,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде әкімдіктер 34,5 млрд теңге, банк 9,1 млрд теңге бөлді. Жастар бағдарламасы жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, коммуналдық кәсіпорындар, полиция департаменті, ТЖД қызметкерлеріне қолжетімді заемдар алуға мүмкіндік береді.
Қазақстандықтарды тұрғын үй алуға қаражат үнемдеуге шақырумен қатар, Отбасы банк 2024 жылы жас азаматтардың болашақ біліміне де ақша жинақтауға көмектесе бастады. Жыл басында Отбасы банк мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) қатысушысы болды. Енді азаматтарымыз "AQYL" депозитінің көмегімен білім алуға ақша жинай алады. Қазір банкте 68 323 білім беру депозиті ашылды.
Отбасы банкіндегі "AQYL" салымын Ұлттық қордан алынған жинақтармен толықтыруға болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап Қазақстанда "Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Оның операторларының бірі – Отбасы банк. Банктің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы Қордың төлемдерін биыл 18 жасқа толған қазақстандықтар пайдалана алады. Ақшаны екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алу ақысын төлеуге бағыттауға болады. Осылайша бір жылдың ішінде банкте 64 233 шот ашылды, ол арқылы қазақстандықтар Ұлттық қордан өздеріне тиісті төлемдерді пайдалана алды.
Банктің орнықты даму қағидаттарын ұстанғаны және оның Қазақстандағы тұрғын үйдің қолжетімділігі және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау сияқты әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін Отбасы банк алғаш рет Sustainable Fitch агенттігінен "3" деңгейінде ESG-рейтингін алды.
Сондай-ақ, Moody's Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі банктің ұлттық валютадағы депозиттері бойынша ұзақ мерзімді рейтингін Baa2 деңгейінен Baa1 деңгейіне дейін көтерді. Несиелік қабілеттіліктің базалық бағасы (ВСА) және түзетілген ВСА ba2-ден ba1-ге дейін көтерілді. Қысқа мерзімді рейтинг расталды. Ұзақ мерзімді рейтинг бойынша болжам – "Тұрақты".
Fitch Ratings халықаралық агенттігі биылғы жылы Отбасы банкінің ұлттық валютасындағы эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингін "BBB" деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам – "Тұрақты".
Fitch Ratings мәліметтері бойынша, Отбасы банктің капитал қоры жоғары, өтімділігі жақсы және несие сапасы мықты. Сондай-ақ, банктің ЕДБ арасындағы NPL көрсеткіші ең төменгі деңгейде. Кредиттік портфельде 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздардың мөлшері нарық бойынша орташа көрсеткіші 3,22% болса, Отбасы банкінде ол 0,12% деңгейінде.
Елдің ипотекасының барлық портфелінен банктің үлесі 55% құрайды.
Қазір банк қазақстандық ЕДБ арасында активтер мен меншікті капитал бойынша 4-ші орында тұр. Отбасы банкінің кредиттік портфелі жыл соңында 3 483 043 млн теңгеге тең болды.
Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қатысушылардың саны 2,8 млн адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 29,4% құрайды. Депозиттік портфель 2 325 375 млн теңгеге тең.
2024 жылы 560 623 адам болашақта елдегі ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен несие алып, тұрғын үй сатып алу үшін Отбасы банкіне жаңа депозиттер ашқан.
2024 жылы Отбасы банкі жаңартылған "Otbasy bank" мобильді қосымшасына көшті. 1 миллион қолданушы оның қарапайым және түсінікті интерфейсін, дизайнын бағалады. Қазір бұл іс жүзінде қалтадағы банк. Қолыңызда ұялы телефон болса, филиалдарға келмей-ақ ондаған банктік операцияларды орындауға болады. Күн сайын 200 мың қолданушы банктік операцияларды жүргізу үшін қосымшаға кіреді.
Биылғы жылы 78,2% немесе 3,5 млн банктік операцияны клиенттер онлайн режимінде – интернет және бейне-банкингте жасады.
2025 жылы Отбасы банк қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесуді жалғастырады. Мәселен, "Ұмай" және "Жасыл ипотека" бағдарламаларын іске қосу жоспарлануда. Оларға қатысу үшін кемі 20%-дан басталатын бастапқы жарна болуы қажет. Сондай-ақ, осы бағдарламалар бойынша заемның ең көп сомасы 50 млн теңгеге тең болатыны белгілі. Несиені үй сатып алуға немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуге алуға болады. Қатысушының меншігінде тұрғын үйінің болуына байланысты ешқандай шектеулер болмайды.
Өз үйіңізде қол жеткізу мақсатын ұзақ уақытқа созбау үшін алдын-ала, белсенді түрде жинақтар жасау керек. Ал Отбасы банк өз кезегінде әдеттегідей өз клиенттерін қолжетімді заемдармен қолдауға және жаңа тұрғын үй бағдарламаларын ұсынуға дайын.