​Отбасы банк ШҚО әкімдігімен бірлесіп моноқалалардың тұрғындары үшін тұрғын үй бағдарламасын іске қосады

0
411

Ол 10%-дық бастапқы жарнамен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.


​Отбасы банк ШҚО әкімдігімен бірлесіп моноқалалардың тұрғындары үшін тұрғын үй бағдарламасын іске қосады

Алтай, Риддер, Шемонаиха, Зайсан және Серебрянск қалаларында тұратын қазақстандықтар жеңілдетілген шарттар бойынша тұрғын үй сатып ала алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Олар үшін банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Ол 10%-дық бастапқы жарнамен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Кредит бойынша мөлшерлеме жылдық 6% тең (ЖТСМ 6,2%-дан 6,8%-ға дейін). Заемның ең жоғары сомасы - 20 млн теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлікті бірінші немесе екінші нарықта сатып алуға болады.

Жуырда облыс әкімдігінде жаңа тұрғын үй бағдарламасын бастау туралы меморандумға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен Отбасы банк Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Назигүл Аққұлова қол қойды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты" атты халыққа жолдауында Отбасы банкінің қызметін бірінші кезекте аудандардың, моноқалалар мен ауылдардың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге қайта бағыттаудың маңыздылығын атап өткенін еске аламыз. Банктегі бұл жұмыс жоспарлы түрде орындалады. Бүгін біз меморандумға қол қойып отырмыз, соның арқасында бес моноқаланың тұрғындары қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып ала алады. Осы мақсаттар үшін Отбасы банк пен ШҚО әкімдігі әрқайсысы 1 млрд теңгеден қаражат бөледі. Өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қазақстандықтарға жеңілдетілген шарттар бойынша пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біздің жоба ішкі көші-қонды алдын алуға, білікті кадрларды жергілікті жерлерде ұстауға мүмкіндік береді", -деп түсіндірді Отбасы банк Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Назигүл Аққұлова.

ШҚО әкімдігі мен Отбасы банк өтінімдерді қабылдау және қатысушыларды іріктеу күні туралы мәліметтерді өңір тұрғындарына қосымша хабарлайды.

Бұл биылғы жылы іске асқан Шығыс Қазақстан облысындағы бірінші өңірлік тұрғын үй жобасы емес. Жыл басында "Шығыс маманы" атты бағдарлама басталды. Оның мақсаты – мамандарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу, салалық мамандарды өңірге тарту, жылу энергетикасы саласындағы сұранысқа ие кадрлардың өңірден көшіп кетуін алдын алу.

Облыс әкімдігі "Шығыс маманы" жобасын іске асыру үшін 300 млн теңге бөлді. Отбасы банк халықты несиелендіруге көмектесті. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша 13 маман қоныс тойын атап өтті, тағы үшеуі заем ресімдеу сатысында. Олар 10% бастапқы жарнамен, 5% несие мөлшерлемесімен (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін) баспана сатып ала алды.