ERNUR.KZ. Түркістан облысында өзбек компаниясының бес ірі өндіріс орны ашылады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров "Global Textile Group" компаниялар тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесіп, мақта кластерін дамытуға бағытталған жобаны іске асыру барысын талқылады. Қазіргі кезде өзбек компаниясы Мақтаарал ауданында тоқыма фабрикасы мен логистикалық орталық ашу бойынша жұмысты бастап кетті.
Соның нәтижесінде 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын 5 ірі кәсіпорын іске қосылады. Жоба құны – 21 млрд.теңге. Осы жобаның аясында логистикалық орталық, мақта өңдеу зауыты, тоқыма фабрикасы, бояу, иіру цехтары мен тігін фабрикалары іске қосылады. Ал мақта өңдеу фабрикасы 13,8 мың тонна өнім шығара алады.
2024 жылы компания мақтаның "Наманган-77" тұқымын алып келіп, 3,2 мың гектар жерге екті. Содан мол өнім жиналды. Ал мақта дақылын қабылдау үшін жылдық қуаттылығы 10 мың тонна мақта қабылдау бекетінің құрылысы аяқталды. Қазіргі жоспарға сәйкес 2027 жылы тоқыма фабрикасы іске қосылады.
Айта кетері, "Global textile" компаниясы – мақтадан иірілген жіп, мата және киім тігуге дейінгі кластерді толығымен қамтитын ірі өндіріс. Бүгінде компанияның Ташкент пен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында барлығы 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.