Өзбектерді «сауып келген» майор сотталды

0
2 862

Тәртіп сақшылары бұрынғы полицейдің тәртіпсіз әрекеттерін егжей-тегжейлі зерделеген. Бұрынғы майор өз «қызметі» үшін бірнеше мәрте Өзбекстан азаматтарынан 5000 мен 20000 теңге аралығында пара алғандығы дәлелденді.


 Өзбектерді «сауып келген» майор сотталды

Қызылорда облысы, Шиелі аудандық ішкі істер басқармасы көші-қон полиция қызметінің бастығы Ғалымжан ОҢҒАРБАЕВҚА қатысты сот үкімі шықты. Судья Асқар ЖОЛДЫБАЕВТЫҢ шешімі бұрыңғы полиция офицерінің көзіне жас үйірді.

2018 жылдың басында полиция майоры Ғалымжан Оңғарбаев күдікке іліккен болатын. Ол Өзбекстан азаматтарынан жүйелі түрде пара алып отырған деп айыпталған еді. Тергеу кезінде Қазақстанға жұмыс іздеп келген шетелдіктерді арнайы сыйақы үшін еш кедергісіз жергілікті мекен-жайға тіркеп беріп отырғандығы анықталды деп хабарлайды zhasalash.kz.

Айып айдан анық болғандықтан болар, тергеу уақыты ұзаққа созылған жоқ. Тәртіп сақшылары бұрынғы полицейдің тәртіпсіз әрекеттерін егжей-тегжейлі зерделеген. Бұрынғы майор өз «қызметі» үшін бірнеше мәрте Өзбекстан азаматтарынан 5000 мен 20000 теңге аралығында пара алғандығы дәлелденді. Осы уақытқа дейін талай мәрте марапатталып, басшылықтың алғысына бөленіп жүрген Ғалымжан Оңғарбаевқа сот үкімін тыңдау да оңайға соқпады.

«Экс –майордың ісі Шиелі аудандық сотында қаралды. Сот үкімі бойынша ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай –ақ, полиция майоры шеңінен айырылып, өмір бойына құқық қорғау органдарында жұмыс жасаудан шеттетілді. Бұл жаза өзге де құқық қорғаушыларға сабақ болғанын қалаймыз. Мемлекеттік қызмет ең бірінші кезекте адалдықты талап ететінін түсіндіргіміз келеді», — деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.