Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
фото: Sputnik / Евгений Биятов
ERNUR.KZ. Павлодар облысында кәріз құдығына түскен алты жұмысшының өлімінен кейін үш адам қамауға алынды, деп жазады sputnik.kz.
Бұл оқиға Жоламан ауылындағы Aqtogai Milk кәсіпорнында болған. Кәріз құдығын жөндеуге түскен алты адам газдан уланып, сыртқа шыға алмай, көз жұмған.
Павлодар облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, сотқа дейінгі тергеу әлі аяқталған жоқ. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, желіде тараған ақпарат бойынша ұсталғандардың арасында Aqtogai Milk кәсіпорнының иесі Александр Терентьев те бар.


