Қайғылы оқиға шомылуға тыйым салынған жасанды су қоймасында болған.
Фото: perunica.ru
ERNUR.KZ. Облыс орталығында қайғылы оқиға тіркелді. 2009 жылы туған жасөспірім үй жануарларын суаруға арналған жасанды су қоймасына шомылу кезінде суға батып кеткен, деп жазады inbusiness.kz.
– Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қаза тапқан жасөспірімнің мүрдесін тауып, судан шығарды, – деп хабарлады өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бозбаланың денесін судан алып шықты. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда.
Мамандар аталған су қоймасының шомылуға арналмағанын және мұндай орындарда суға түсу өмірге үлкен қауіп төндіретінін ескертті.
Құтқарушылар ата-аналарды балалар мен жасөспірімдерді су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырып, судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отырудың маңызын атап өтті.


