Жол апатына түскен екі бала бір отбасынан.
Павлодарда ассенизатор қағып кеткен балалардың біреуі көз жұмды. Жедел жәрдем көлігі оқиға орнына сағат 11:34-те төрт минуттың ішінде жеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Солтүстік өндірістік аймақта «ЗИЛ» көлігінің 44 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан 10 және 12 жастағы кәмелетке толмаған екі баланы қағып кеткен.
«Олар түрлі жарақаттармен және сынықтармен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Балалардың үлкені ауыр халде болған», - деді жедел жәрдем станциясында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 12 жастағы баланың көз жұмғанын, екінші бала травматологияда жатқанын хабарлады.
«2012 жылы туған бала оң жақ аяқ сүйегінің ығысусыз жабық сынығымен травматологиялық бөлімшеге жатқызылды. 2010 жылы туған балада жамбас сүйектерінің көптеген сынықтары, ішкі ағзаларының зақымдалуы, ішкі қан кету, шап аймағындағы көлемді жаралар анықталды. Реанимация шаралары жүргізілді, алайда ауыр жарақаттарға байланысты ауруханаға жеткізілгеннен кейін 18 минуттан соң қайтыс болды», — деді басқармада.
Айта кетерлігі, жол апатына түскен екі бала бір отбасынан.