Павлодарда табиғи ойыншықтар өндіріле бастады

0
3 061

Экологиялық таза ойыншықтардың 21 түрі жасалады.


Павлодарда табиғи ойыншықтар өндіріле бастады

ERNUR.KZ. Павлодар облысында әлеуметтік кәсіпкерлік бағыты бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жаңашыл жоба тоғыз бағыт бойынша іске қосылмақ, деп жазады baq.kz.

Қазіргі уақытта экологиялық ойыншықтар шеберханасы ашылды. Алдағы уақытта шеберханаға еңбек қабілетін жоғалтқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналасады деп күтілуде. Негізгі мақсат - мүгедек жандарды ағаш бұйымдарын жасауға үйрету, кейін жұмысқа орналастыруға сеп болу.
Шебер Мейіржан Сыздықовтың айтуынша, экологиялық таза ойыншықтардың 21 түрі жасалады. Әзірге бірнеше түрі өндіріліп жатыр. Ойыншықтардың ерекшелігі сол, таза ағаштан жасалады. Шикізат ретінде қайың мен қарағай қолданылады.


Ойыншықтарды жасау кезінде химикаттары бар бояуларды пайдалануға болмайды. Тек гуашь пен акрил қолданылуы мүмкін. Себебі бұл - экологиялық ойыншықтар. Табиғи материалдарды ғана қолданамыз. Мәселен құстардың үйшігі таза ағаштан жасалады. Оны бұзып, қайта жинақтауға болады. Балалар конструктор ретінде ойнай алады. Кейін біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды үйретпекпіз. Үздіктері екі қолға бір күрек табады, - дейді Мейіржан Сыздықов.

Бүгіннің өзінде шеберхана өнімдеріне сұраныс бар. Алдын ала тапсырыс жасалған. Тіпті Ресей нарығынан да тапсырыстар түскен. Экологиялық өнімдер ірі сауда желілері бойынша саудаланады деп күтілуде. Ал шағын өндірістегі мамандар саны 20-ға жетеді деп күтілуде.