Іс жүзінде бюджеттің қаржысын қалтасына басқан болып шықты.
ERNUR.KZ. Павлодар қаласындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің (Достық үйі) бұрынғы басшысы мен әкімшілік-шаруашылық бөлімінің қойма меңгерушісі еден жуушының жалақысын жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz.
Облыстық соттың мәліметі бойынша, қойма меңгерушісі 2016 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың сәуіріне дейін ай сайын бұл мекемеде ешқашан еңбек етпеген еден жуушының табелін толтырып, басшы оған қол қойып отырған.
Қызметкердің жалақысын, атап айтқанда барлығы 2,8 млн теңгені мекеменің директоры өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Оған қоса, «Қоғамдық келісім» басшысы 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың ақпанына дейін өзі мен жүргізушісі үш рет іссапарға шыққаны туралы құжаттар толтырып, іссапар шығындары ретінде 368 913 теңгені шотына аударып алған.
Бұл жолы да іс жүзінде ешқайда бармағаны белгілі болды. Яғни, барлығы - тек қағаз жүзінде атқарылған шаруалар. Ал оларға бөлінген қаражатты бас пайдасы үшін пайдаланған. Сотта жәбірленуші ұйым өкілдері күдіктілердің шығынды толығымен өтегенін айтып, оларды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Мекеме басшысы мен қойма меңгерушісі айыппұл белгілеумен шектелуді өтінді.
Десе де, №2 сот судьясы әрқайсысын екі жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұл шешім әзірше заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, Май ауданындағы мектеп директоры ауылдасының атына микроқаржы ұйымында несие ресімдеп, қарызын қайтармағаны анықталды.
«Май ауданының тұрғынына микроқаржы ұйымынан хабарласып, 1 млн теңге несиені қайтаруды талап еткен. Азаматша бұл алаяқтардың ісі екенін түсініп, полицияға шағым түсірді. Бұл шағымның негізінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алаяқ анықталып, тұтқындалды. Ол Май ауданындағы мектептердің бірінің директоры болып шықты», - деп хабарлады полиция департаменті.