Петропавлда дәрігерлер қолы еттартқышқа тартылып кеткен жігітке күрделі ота жасады

0
74

21 жастағы жігіт жарақаттану пунктіне өте ауыр жағдайда жеткізілген.


Петропавлда дәрігерлер қолы еттартқышқа тартылып кеткен жігітке күрделі ота жасады

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Петропавлда дәрігерлер қолы еттартқышқа тартылып кеткен 21 жастағы жігітке күрделі операция жасады. Медицина мамандары саусақтардың аман қалған бөліктерін сақтап, қолдың қызметін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жас жігіт жарақаттану пунктіне өте ауыр жағдайда жеткізілген. Жазатайым оқиға салдарынан ол оң қолының кейбір саусақтарынан айырылып, сүйектері, сіңірлері мен жұмсақ тіндері ауыр зақымданған.

Пациент шұғыл түрде травматология бөлімшесіне жатқызылды. Хирургтар бригадасының басты міндеті — саусақтардың зақымданбаған бөліктерін аман алып қалу және саусақ саптары мен алақанның қозғалысын барынша қалпына келтіру болды.

«Операция кезінде травматологтар зақымдалған сүйектерді металл конструкциялар арқылы бекітіп, жараларды өңдеді және жыртылған сіңірлерді қалпына келтірді. Жарақаттың ауырлығына қарамастан, мамандар саусақтардың аман қалған бөліктерін сақтап қала алды», — деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Отадан кейін азамат стационарда 16 күн бойы ем қабылдады. Енді оны алдағы уақытта зақымданған қолдың функциясын қалпына келтіруге арналған оңалту кезеңі күтіп тұр.