Петропавлда сатушысы жоқ дүкен ашылды

0
2 747

Өңір тұрғындары қайырымдылық жасағылары келсе, дүниесін әкеліп, қойып кетеді.


Петропавлда сатушысы жоқ дүкен ашылды

ERNUR.KZ. Петропавлда қайырымдылық дүкені ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қайырымдылық дүкенінен қиын жағдайға тап болған немесе тұрмысы төмен отбасылар өзіне керектің бәрін тегін ала алады. Бұл жерде киім-кешек қана емес, тұрмысқа қажетті заттар да бар.

Әлеуметтік жобаның авторы – Петропавл тұрғыны, кәсіпкер Петр Вагнер. Осындай бастаманы қолға алу оның көптен ойында жүр екен.


«2008 жылы ғибадатхана салдым. Кейін адамдар пайдалануға болатын, алайда үйінде жай жатқан заттарын осында әкеле бастады. Оның ішінде балаларына сыймай қалған киім-кешек те, күнделікті тұрмысқа қажет заттар да болды. Сол кезде осындай қайырымдылық бутигін ашу туралы ой келді. Сол ойым енді жүзеге асып жатыр», - дейді Петр Вагнер.



Бұл қайырымдылық дүкенінің басқалардан ерекшелігі – мұнда не сатушы, не жауапты адам жоқ. Өңір тұрғындары қайырымдылық жасағылары келсе, дүниесін әкеліп, қойып кетеді.


«Тауарды қабылдап, сұрыптайтын адам жоқ. Сол себепті заттарын әкелген адам оны ұқыптап бүктеп, не іліп кетсе деген тілегім бар. Мұқтаж жандар өздеріне керектерін алады. Қанша, нешеуін аламыз десе де оларға ешкім тоқтау салмайды», - дейді кәсіпкер.


Қайырымдылық дүкені Петропавлдағы «Страна товаров» сауда үйінің екінші қабатында орналасқан.