Петропавлдағы «Солнечный-2» шағын ауданы осыдан 5-6 апта бұрын жазық дала болса, қазір қаз-қатар тізілген жаңа үйлерден көз сүрінеді.
ERNUR.KZ. Петропавлдағы «Солнечный-2» шағын ауданында салынып жатқан үйлердің алғашқы легі 5 маусым күні пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бір типті баспаналарға тасқыннан зардап шеккендер орналасады, деп жазады inform.kz.
Шағын ауданда құрылыс 24 сәуір күні басталды. Мына үйлер содан бері атқарылған жұмыстың нәтижесі. Ішкі әрлеу жұмысы аяқталуға жақын. Суы ішке кіргізілген, электр қуаты тартылған.
Бірер күнде бұл үйлерге алғашқы қоныстанушылар орналасады.
Солтүстік Қазақстан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта шағын ауданда тасқыннан зардап шеккендер үшін 700 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
«Бұл ауданда құрылыс сәуірдің 24-і басталды. Мамырдың 8-і күні тағы 100 үйдің құрылысы басталды. Тағы 300 үйде жұмыс 30% аяқталған. Жалпы қазір 500 үйдің құрылысында 1200 адам жұмыс істеп жатыр. 50-60 техника тартылған.
Астанадан келген «Integra Construction KZ» ЖШС-і тамыз айының соңына дейін 400 үйді пайдалануға беруі тиіс. Компания үш қабаттан тұратын панельдерді қолданып жатыр. Құрылыс материалы Астанадан әкелініп, алаңда дайын іргетастың үстіне конструктор сияқты құрастырылады.
Серіктестік өкілдерінің айтуынша, мұндай үйлер жылы, әрі дыбысты жақсы оқшаулайды, сондай-ақ қазіргі уақытта ең қажетті басымдық – тез салынады.
Бұған дейін «Солнечный-2» шағын ауданында 90 балаға шақталған балабақшаның құрылысы басталғанын айтқан едік.