Пойыз билетінің ақшасын қайтаруды қалай рәсімдеуге болады

0
1 069

Пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағаттан соң жол жүру құжаттары да, ақша да қайтарылмайды.


Пойыз билетінің ақшасын қайтаруды қалай рәсімдеуге болады

ERNUR.KZ. Жолаушылардан билетін қайтару Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығымен бекітілген «Темір жол көлігімен жолаушылар, багаж, жүкбагаж бен почта жөнелтілімдерін тасымалдау» ережесіне сәйкес жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы ережеге сәйкес жол жүру құжаты (билет):

- пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан кешікпей қайтарылса, жол жүру құны толық төленеді;

- пойыздың жөнелтілуіне 24 сағаттан аз уақыт қалғанда, бірақ пойыз жөнелтілгенге дейін 6 сағаттан кешікпей қайтарылса, билет құны және плацкарт құнының 50% төленеді;

- пойыздың жөнелтілуіне 6 сағаттан аз уақыт қалғанда және пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағаттан аспай қайтарылса, билет құны төленіп, плацкарттың барлық құны ұстап қалынады, бірақ ол жол жүру құнының 30%-нан аспауы тиіс.

Пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағат өткен соң жол жүру құжаттары (билеттер) да, ақша қаражаты да қайтарылмайды.


«Билеттің ақшасы билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы қайтарылады», - делінген «Жолаушылар тасымалы» компаниясының хабарламасында.


Айта кетерлігі, төтенше жағдай режимі кезінде коронавирус пандемиясына байланысты темір жол билеттерінің ақшасын ұстап қалмай, айыппұлсыз толық көлемде қайтару туралы шешім қабылданды.

16 наурыз бен 11 мамыр аралығында сатып алынған теміржол билетін жолаушы 6 ай ішінде қайтара алады.

Билетін қайтару үшін «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының билет кассаларына жүгінген жолаушылар өтініш жазып, оған жол жүру құжатын (билетін) және жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін қоса беруі қажет.

Сондай-ақ құжаттарды «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының мына аймақтық филиалдарының біреуіне жіберуге болады:

1) «Солтүстік» аймақтық филиалы (Нұр-Сұлтан қ., Гете к-сі, 11/1);

2) «Оңтүстік» аймақтық филиалы (Алматы қ., Тобаяқов к-сі, 2/1);

3) «Батыс» АФ (Ақтөбе қ., Станция к-сі,11).

Тиесілі ақша қаражатын алу үшін топқа алынған жол жүру құжаттарын (билеттер) қайтару туралы өтініш «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына жіберіледі. Мекенжай: Нұр-Сұлтан қаласындағы Қонаев көшесі 6-үй.