Полиция өзгенің көліктерін қиындықсыз айдап кететін жасөспірімді құрықтады

0
596

Күдікке ілінген бала Алматы қаласындағы Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырылды​.


Полиция өзгенің көліктерін қиындықсыз айдап кететін жасөспірімді құрықтады

Алматы облысының тәртіп сақшылары облыс орталығында көпқабатты үйлердің ауласынан «Toyota Windom» және «Volkswagen Passat» автокөліктерінің қолды болуына қатысы бар деген күдікпен 17 жасар жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Күдікке ілінген бала Алматы қаласындағы Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырылды.

Тамыз айының ортасында Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрған Тойота автокөлігін белгісіз біреулер аудап кеткен болатын. Арасына 6 күн салып түнде «Volkswagen Passat» көлігі де біреудің жетегінде кеткен.
Аталған қылмыстарды ашу мақсатында тәжірибелі із кесушілерден құрылған топ кеңауқымды жұмыстар атқарды. Кәсіби мамандар бұлтартпас деректер жинап, Алматы қаласындағы әріптестерімен бірлесе отырып, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 17 жастағы жасөспірімді Алматы қаласынан ұстады.
«Ұсталған күдікті Талдықорған қаласының 17 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол былтыр осындай қылмыс жасағаны үшін шартты жазаға кесілген болатын. Оның Алматы қаласында да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары анықталуда. Осыған орай, қылмыстық іс материалдары Алматы қаласындағы әріптестерімізге жіберіліп, іс біріктірілді. Қолды болған көліктер Алматы қаласында табылды және тәркіленді»,- деп атап өтті Талдықорған ҚПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Тілекбаев.
Қылмысқа қатысы бар күдіктінің жасы ескеріле отырып, ол жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырылды. Алматы қаласының тәртіп сақшылары теріс жолға түскен бозбаланың бұдан басқа да құқық бұзушылықтарға қатыстылығын мұқият қарастыратын болады.