Полиция жолсерікті түсіріп кетті: Қызылордаға бара жатқан пойызда келеңсіз оқиға болды

0
2 862

​Жолаушылар пойызының жолсерігі әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның бірнеше бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.


Полиция жолсерікті түсіріп кетті: Қызылордаға бара жатқан пойызда келеңсіз оқиға болды

ERNUR.KZ. "Петропавл–Қызылорда" бағытында қатынайтын жолаушылар пойызының жолсерігі жауапкершілікке тартылды, деп жазады sputnik.kz.

7 ақпанда Қызылордаға бағыт алған пойыз бригадирі Арыс-2 станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарласып, көмек сұраған. Ол жолсеріктердің бірі қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын айтып, полиция жасағын жіберуді сұраған.

Бригадирдің айтуынша, оның әріптесі жұмыс орнында алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде өзі-өзіне ие бола алмаған. Сонымен қоймай бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Пойыз жолаушыларының да мазасын алған.

"Полицейлерге тәртіп бұзушыны пойыздан түсіріп, жолдан қалдыруға тура келді. Тексеріс нәтижесінде оның Қызылорда облысының 26 жастағы тұрғыны екені анықталды және оның "орташа" дәрежеде мас күйде болғаны медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша расталды", – делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары жолсерікке Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 440-бабы (алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде қоғамдық орындарда болу), 437-бабы (тыныштықты бұзу) және 434-бап (ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама толтырды.

Айта кетейік, аталған заңның алғашқы екі бабы бойынша заңбұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіш (29 170 теңге), ал үшінші хаттама бойынша 5 АЕК (барлығы – 43 755 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған.