Еңбек өнімділігі аталмыш зауытта биыл 12 млн теңгені құрады. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 6,5 млрд теңгеге жетіп, өнімнің 10 пайызы шетелге экспортталған.
ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарды аралады, деп жазады ҚазАқпарат.
Урбанистика орталығында Мемлекет басшысына қаладағы ірі инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылу барысы, оның ішінде шетелдік инвестициялар есебінен қолға алынған жобалар туралы баяндалды. Тарқата айтқанда, соңғы 3 жылда бұл бағытқа 5 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Тек өткен жылы ғана инвестиция 10,5 пайызға, шетелдік инвестиция көлемі 17,6 пайызға өскені белгілі болып отыр.
Президентке сонымен бірге «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауытының жобасы да таныстырылды. Зауыттың бірінші кезеңінің іске қосылуы осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі - 25 млрд теңге. Осы арқылы Алматыда 700 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның қуаттылығы - жылына 45 мың көлік. Өндірілетін автокөліктердің 50 пайызы жоспар бойыншан ТМД елдеріне экспортталмақ. Мемлекет басшысына сондай-ақ «Falcon Euro Bus» ЖШС қызметі туралы мәлімет берілді. 2018 жылдың қыркүйек айында Алматыда үшінші буындағы электр атобустарын өндіретін зауыт іске қосылған болатын. Инвестиция көлемі 14 млрд теңгені құраған еді. Орташа жалақысы 250 мың теңге болатын 200 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның «Tokyo Rope Almaty» зауытының өнімдерімен танысты. Мұндағы жалпы инвестиция көлемі 3,7 млрд теңгені құраған. 30 тұрақты жұмыс орыны ашылып, өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 1,7 млрд теңгені түсірген. Бұған қоса өнімдердің жартысы шетелге экспортталғанын айта кету керек. Сондай-ақ Мемлекет басшысына үлкен диаметрлі дәнекерленген спиральды құбыр өндіретін Қазақстандағы ірі «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн» компаниясының жұмысы таныстырылды. Қазіргі уақытта қазақстандық-қытайлық зауыт құрылыстың соңғы сатысында. Осы жылдың қыркүйек айында зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі 40 млрд теңгені құрайды. 300-ден астам тұрақты жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
Мемлекет басшысына бұдан бөлек Алматыдағы көпір құрылысы зауытының қызметі туралы баян етілді. Елбасының бастамасымен жолға қойылған «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында зауыт жұмысын жандандыра түскен болатын. Соңғы 4 жылда өндіріске салынған жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард теңгеден асқан. Бұл зауытта 200-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Еңбек өнімділігі аталмыш зауытта биыл 12 млн теңгені құрады. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 6,5 млрд теңгеге жетіп, өнімнің 10 пайызы шетелге экспортталған.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа «BRB APK» ЖШС жылыжай кешенінің жұмысы туралы да баяндалды. Жалпы инвестиция көлемі 7,8 млрд теңгені құраған жоба арқылы оңтүстік астанада 150 жаңа жұмыс орыны ашылған. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 7 453 тоннаны құрады. Ендігі кезекте 8 гектар алаңы бар жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Аталмыш жобаға 8,4 млрд теңге инвестицияланып, жұмыс орындалса - тағы да жаңа 150 жұмыс орыны ашылады.
Сонымен қатар, қазан айында Өнеркәсіптік аймақта «MПЗ БИЖАН» ЖШС ет өнімдерін шығаратын зауытты іске қосуды көздеуде. Жалпы инвестиция көлемі 4,6 млрд теңге. Жоба сәтті іске асса 250 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ «ЭФКО Алматы» ЖШС май және мұнай өнімдері зауытына кіріп шықты. Зауыт 2017 жылдың 26 желтоқсанында іске қосылған. Жалпы инвестиция көлемі 10,9 млрд теңгені құраған. Бүгінгі таңда компанияда 489 адам жұмыс істейді. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 55,308 тоннаны құрап, экспортқа жалпы өнімнің 47 пайызы шығарылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапары барысында «Казлеппром-Алматы» ЖШС киім-кешек зауытының қызметі туралы дабаяндама жасалды. Жалпы инвестиция 2,5 млрд теңгелік жоба 450 тұрақты жұмыс орынын ашуға мүмкіндік берген. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 1,2 млрд теңгеге жетіпті. Зауыт алдағы уақытта тігін бұйымдарын және мектеп киімін киетін киімдерді тігуді, теріні терең өңдеуді жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматыда Мемлекет басшысы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралайды. Сапар барысында Мемлекет басшысы қоғам өкілдерімен, көпбалалы аналармен және жастармен кездеседі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған мерекелік шараларға қатысады.