Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Никол Пашинян келіссөз жүргізді

0
77

Келіссөздер Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Никол Пашинян келіссөз жүргізді

фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға ілтипат білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Келіссөздер Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берді. Бұдан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.

– Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарыңыз. Шын мәнінде, қазақ халқы Армения жұртына, тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Сапар барысында бірқатар маңызды келісімге қол қойылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Никол Пашинян Касым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға ресми сапармен шақырып, Астанада қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты.

– Бұл сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе, – деді Премьер-министр.

Содан кейін Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтар екенін атап өтті.

– Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін. Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталды.

Сондай-ақ мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алғанын әрі оны жақ-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.

Армения Премьер-министрі бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге оңтайлы сәт екенін атап өтті.

– Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық. Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін, – деді Никол Пашинян.

Кездесу барысында сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық, тау-кен, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.