"Рөлде отырған адам ұшып кеткен": Марқұм Мәдина Ералиеваның күйеубаласы әнші қаза тапқан сәтті есіне алды

0
732

Ол 24 жыл бұрынғы оқиғаны еске алды.


ERNUR.KZ. Марқұм Мәдина Ералиеваның өмірін қиған жол апатының себебін күйеу баласы Оралбай Әбдіқадыр айтып берді, деп жазады stan.kz.

Ол 24 жыл бұрынғы оқиғаны “Астарлы ақиқат” бағдарламасында есіне түсіріп, күрсініспен еске алды.

“Қонақтардың бәрі Мәдина туралы жылы естеліктерді айтып жатыр. Мен сол күнгі оқиғаны ғана қысқаша айтып берейін. Өйткені оны еске түсіру маған да қиын. Өйткені мен жанында болдым. 27 қарашада Қазалыдан шықтық. Оразаның бірінші күні еді. Аудан әкімінің үйіне қонаққа келіп, содан бәріміз шыққан едік. Оразада ауыз бекітетін болған соң ешкім ештеңе ішпеді. Шай ішіп, жолға шықтық. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Аудан орталығының МАИ басшысы "Бауырым, сен рөлге отыр" деді. Қасымда Болат пен Мадина бар. Көлікте үш адам болдық. Мадина "Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар" деді. Қарсы болғанымызға қарамай, өзі отырды. Жол бойы тек өзінің ғана әндерін қайта-қайта тыңдап отырды”, – деді марқұмның күйеу баласы.

Айтуынша, машина мұзды жолда тайып, сайға аунап кеткен. Өнер иесі қауіпсіздік белдігін тақпаған көрінеді.

“Мен артқы орындықта отырдым. Сағатқа қарасам, түнгі 2:20 болыпты. Шамамен 20 км жүрдік. Көліктің іші жылы, ән тыңдап отырып, көзім ілініп кетіпті. Мәдина мен Болат әңгімелесіп келе жатты. Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жер шаң болып жатыр екен. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темір жәшіктің ішіне салып, біреу аунатып жібергендей болды. “Мынау қашан тоқтайды" деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді. Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар екен, дереу көлік тоқтатайық деп ойладық. Жолға шықсам, жасыл түсті Жигули кетіп бара жатыр екен. Жағдайды түсіндірдік те, Мадинаны салонға жатқыздық. “Сен мына заттарды қарап отыр, кейін адамдар жіберемін" деді. Кейін Болат "Мәдина "қара, балама қара" деген бір-ақ сөз айтты" деді. Сондай жазатайым жағдай болды",– деді Оралбай Әбдіқадыр.