Рудный тұрғыны алимент өндірген сот орындаушысына пышақпен шабуылдап, 15 жылға сотталды

0
148

Алимент бойынша қарызы 9 млн теңгеден асқан.


Рудный тұрғыны алимент өндірген сот орындаушысына пышақпен шабуылдап, 15 жылға сотталды

Фото: ulpravda.ru

ERNUR.KZ. Қостанай облысының Рудный қаласында алимент өндіру туралы сот шешімін орындаған сот орындаушысына пышақпен шабуыл жасаған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, сотталушы 2012 жылдан бері кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып келген. Соның салдарынан оның берешегі 9 млн теңгеден асқан.

Алимент өндіру туралы атқарушылық құжат сот орындаушысы Х.-ға берілгеннен кейін, ол берешекті өндіріп алу үшін заңда көзделген шараларды қабылдаған.

2026 жылғы ақпанда К. сот орындаушысының жұмыстан шығуын әдейі күткен. Кейін оның көлігінің ішінде шабуыл жасап, мойны мен бетіне пышақпен төрт рет соққы жасаған.

Шабуыл кезінде пышақтың жүзі сынып қалған. Сот орындаушысы қарсылық көрсетіп, көліктен шығып, көмекке шақырған. Ал сотталушы оқиға орнынан қашып кеткен.

Шабуыл салдарынан жәбірленушінің беті, бетсүйек аймағы және сол жақ білегі жарақаттанған.

Сот отырысында К. өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Прокурор оған 16 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот шешімімен ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Алқабилер соты К.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 408-бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян, материалдық залал және өкілдік шығындар өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, – делінген хабарламада.