Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған әрбір жанұяға 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.
фото: ғаламтордан алынды
Мақтаарал ауданында жаңадан тұрғызылатын ауылдың құрылысына белгілі қоғам қайраткері, меценат Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 200 миллион теңге аударады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұдан бөлек, қор тарапынан қиын жағдайға тап болған әрбір жанұяға 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қор директоры Қасым Қасабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мақтаарал ауданына қаржылай көмектен бөлек қор тарапынан Атакент ауылына 20 тонна гуманитарлық жәрдем жеткізілген болатын. Оның ішінде азық-түлікпен қатар, гигиеналық, тұрмыстық және балаларға арналған заттар бар.
«Мақсатымыз - Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан жапа шеккен шекаралас ауылдардағы азаматтарымызға көмек көрсету. Қиын шаққа тап болған отандастарымызды қолдау. Бұдан бұрын да «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры «Біз біргеміз!» акциясы аясында COVID-19 пандемиясына қарсы күрес үшін 150 миллион теңге бөлген болатын. Қор әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға жәрдем көрсетумен, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға арналған жобаларға қолдау танытып келеді», - деді ол.