"Самрұқ-Қазына" қорында жұмыстан шығарылған топ-менеджерлерге өтемақы төленеді

0
663

Өтемақы мөлшері әр қызметкерге жеке есептеледі.


ERNUR.KZ. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры" АҚ-да жұмыстан шығарылған барлық директорларға еңбек заңнамасына сәйкес өтемақы төленеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметіндегілер айтты, деп жазады Stan.kz.

"Барлық қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге еңбек заңнамасына сәйкес өтемақы төленеді (1 орта есептік айлық немесе қолданылмаған еңбек демалысының ақысы)", - деп түсіндірді қордағылар.

Дегенмен "Самрұқ-Қазына" нақты сомманы атамаған.

"Өтемақы мөлшері әр қызметкерге жеке есептеледі", - дейді баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, Президент сынына ұшырағаннан кейін "Самрұқ-Қазына" әл-ауқат қоры" АҚ жеті директорын жұмыстан шығарған. Олардың бесеуі әл-ауқат қоры басшылығында қызмет етсе, біреуі еншілес компанияны, тағы біреуі әлеуметтік жобалар қорын басқарған.

Қордың қаржылық есебіне сәйкес 2020 жылы негізгі басқарма өкілдеріне 575 млн теңге айлық төленген. Ал тәуелсіз директорлар 309 млн теңге алған. Қаржылық есеп депозитарийіне сәйкес қор басшылығы құрамында 5 адам болған. Жалпы сомма 266 млн теңге болса, әр адамға орта есеппен 53,21 млн теңге төленген.

2020 жылы қордың әр басшысы ай сайын 4,5 миллион теңге жалақы алған. 2020 жылы қорда дағдарыс болғанын ұмытпау керек. Алайда 2021 жылы компания жағдайы жақсара түскен. Ал пандемияға дейін 2019 жылы қор басшылығына төленген жалақы екі есе көп, яғни 1,1 млрд теңгеге тең.

Өтемақы мөлшері көп болғандықтан, қор нақты соммасын атамауы да мүмкін. Жұмыстан шығарылған директорлар тізімі:

  • Кравченко Андрей Николаевич, Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор – "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма мүшесі.
  • Манкеев Мұхтар Наурызбайұлы, "Самұрық-Қазына" АҚ Корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директор.
  • Дүрмағамбетов Ерлан Дмитриевич, "Самұрық-Қазына" АҚ Стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі басқарушы директор.
  • Тәжіғалиев Мұхтар Өтепқалиұлы, "Самұрық-Қазына" АҚ Активтерді басқару жөніндегі тең-басқарушы директор.
  • Есполов Бектенбай Тілектесұлы, "Самұрық-Қазына" АҚ Қоғам және Үкіметпен байланыс жөніндегі серіктес басқарушы директоры.
  • Түсіпбеков Жаннат Рашидұлы, "Біріккен химиялық компания" ЖШС Басқарма төрағасы.
  • Қожақов Қуат Асқарбекұлы, "Samruk-Kazyna Trust" КҚ Бас директоры.