Сара Назарбаеваның жағдайы белгілі болды

0
93

5 мамырда Сара Назарбаева ауырып жатқаны белгілі болды.


Сара Назарбаеваның жағдайы белгілі болды

Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

Сара Назарбаева қазіргі уақытта Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы ресми сауалға берілген жауаптан белгілі болды, деп жазады tengrinews.kz.

5 мамырда Сара Назарбаева ауырып жатқаны белгілі болды.

"Барлық медициналық шара бекітілген стандарттарға сәйкес және білікті мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады 9 мамырда кешкісін Ұлттық госпитальдің баспасөз қызметі.

Медициналық мекеме әкімшілігі мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес диагнозға, денсаулық жай-күйіне, емдеу әдістері мен нәтижелеріне қатысты мәліметтер дәрігерлік құпияға жатады. Мұндай ақпаратқа қолжеткізу тек пациенттің келісімі бойынша немесе заңда көзделген өзге негіздер бойынша мүмкін болады.

"Сондай-ақ медициналық этика мен кәсіби жауапкершілік қағидаларына сәйкес медициналық ұйымдар дербес медициналық деректермен жұмыс істеу кезінде құпиялық режимін қатаң сақтау міндетті. Ақпаратты таратпау туралы шешім пациенттің жеке өміріне құрмет көрсету, емдеу процесіне сыртқы араласудан қорғау және оның заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды", – деп қосты медициналық мекеме.

Сара Назарбаеваның өмірбаяны

Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.

1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы ана мен баланы, жетім балаларды қамқорлыққа алатын және білім алуына жәрдемдесетін "Бөбек" қорын ашты. Қазақстанда тұңғыш "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашылуына мұрындық болды.

Қоғамдық жұмысы үшін "SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, "Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін" Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған. Софи Лореннің Ресей "Қызыл крест" қоғамы тағайындаған "Алтын жүрек" халықаралық жүлдесін тапсырған.