Сарыөзекте сарбазды ұрып өлтірген офицер жеті жылға сотталды

0
327

Ол билікті асыра пайдаланған.


Сарыөзекте сарбазды ұрып өлтірген офицер жеті жылға сотталды

ERNUR.KZ. Алматы гарнизонының әскери соты биыл мамырда әскери госпитальге түсіп, ауруханада көз жұмған қатардағы жауынгер Досымжан Сәлімжанның ісі бойынша үкім шығарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Әскери бөлімдегі лейтенант Жанбота Шәкіровке «билiктi асыра пайдаланды» деген айып тағылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қоғам белсендісі Ринат Рафхат бұл туралы әлеуметтік желіде жазды.

«Әскердегі әлімжеттіктің салдарынан ауруханаға түсіп, 10 күннен кейін көз жұмған жас сарбаз Досымжан Сәлімжанның ісі бойынша айыпталған лейтенант Шәкіров ҚК 451-бап «Билiктi асыра пайдалану» 2-тармағымен 7 жыл бас бостандығынан айырылды», - деп жазды ол.

Жанбота Шәкіров сотта марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.

Еске салсақ, 2024 жылғы 13 мамырда Сарыөзек кентіндегі 29108 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері 19 жастағы Досымжан Сәлімжанның қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын.