Сауалнама қорытындысы: қазақстандықтар қай мамандық иелерін «Еңбек адамы» деп таниды?

0
340

Сауалнамалық зерттеу жұмысы Қазақстан халқының «Еңбек адамы» идеологиясы жайында ақпараттану деңгейі мен кәсіптердің беделін бағалауын анықтауды мақсат тұтқан.


Сауалнама қорытындысы: қазақстандықтар қай мамандық иелерін «Еңбек адамы» деп таниды?

Сурет: sun9-28.userapi.com

ERNUR.KZ.. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында еңбекқор азаматтарға басымдық беру қажеттілігі туралы айтылса, 2024 жылғы Жолдауда «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланатынын жеткізді.

Қазіргі еңбек нарығы терең трансформациядан өтуде. Цифрландыру, автоматтандыру және жаңа мамандық түрлерінің көптеп пайда болуы еңбек алаңында жиі-жиі үлкен төңкерістер туғызуда. Мәселен, 2018-2022 жылдары іске асырылған «Digital Kazakhstan» бағдарламасы еліміздің экономикасын цифрландыруға бағытталып, нәтижесінде IT секторларының үлесі едәуір артты. Бұл жағдай еңбек нарығына әсер етпей қалған жоқ, елеулі өзгерістер алып келді.

Қазақстандық еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары, алайда сұранысты қанағаттандыратын мамандар тапшы екені айтылады. Елімізде жұмыссыздық деңгейі де жоғары болып тұрғаны белгілі. Әсіресе NEET санатындағы жастар арасында (15-28 жас). Бұл көрсеткіштер нарықтағы тапшылық пен кадрлар базасы бір-біріне сәйкес келмейтінін білдіреді.


«Қазақстандық қоғамдық даму институты» «Еңбек адамы» идеологиясы мен кәсіптердің танымалдылығын анықтауға арналған талдамалық есебін жариялады. Зерттеу жұмысының мақсаты – халықтың «Еңбек адамы» идеологиясы жайында ақпараттану деңгейін бағалау, кәсіптердің беделін анықтау.

Зерттеу барысында сауалнама әдісі қолданылды. Оған еліміздің 20 өңірінен 2000 адам қатысты. Тұрғындар жауабы ең танымал және беделді кәсіптердің рейтингін жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, басқа да бірнеше критерий бойынша бірізді топтамалар жасалды.


Талдамалық есеп қорытындысында белгілі болған Қазақстандағы ең танымал ТОП-5 кәсіп салаларының рейтингі:

  1. Медицина және денсаулық сақтау
  2. Білім беру және педагогика
  3. IT және веб-әзірлемелер
  4. Өндіріс және техникалық мамандықтар
  5. Құқықтану және құқық

Бұл кәсіптердің танымалдығы әлеуметтік қажеттіліктер мен экономиканың даму тенденцияларымен байланысты. COVID-19 пандемиясынан кейін медицина мен денсаулық сақтау саласына сұраныстың күрт артуының да әсері бар көрінеді. Ал білім беру саласы танымалдылығы мен өзектілігін жоймайтын дәстүрлі тармақ болып табылады.


Сауалнамаға қатысушылардың жауабы бойынша елдегі ең жоғары жалақы алатын ТОП-5 кәсіп:

  1. Дәрігер (23,5%)
  2. Мұғалім (21,9%)
  3. Депутат (14,2%).
  4. Мұнайшы (13,5%)
  5. Заңгер (12,2%)


Жаппай сауалнама жауабына сәйкес, ең стресті ТОП-5 кәсіп салалары:

1. Білім беру және педагогика (49,6%)

2. Медицина және денсаулық сақтау (44%)

3. Қауіпсіздік және құтқару қызметі (35,9%)

4. Көлік және жеткізу (18,2%)

5. Өндіріс және техникалық (11,2%)

Айта кету керек, кәсіптердегі стресс деңгейі аймақтық ерекшелік, жұмысқа қойылатын талаптар, т.б. түрлі факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.


Зерттеу барысында респонденттердің Сенім деңгейі бойынша ТОП-5 маман анықталды:

  • Білім беру және педагогика саласындағы мамандар
  • Ауыл шаруашылығы және аграрлық кәсіптер
  • Қызмет көрсету салаларының мамандары
  • Жұмысшы мамандықтары – механиктер мен құрылысшылар
  • Авиация және аэроғарыш саласы қызметкерлері


Сауалнамаға қатысушылар Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатып ТОП-5 мамандық деп мыналарды санайды:

  • Денсаулық сақтау саласы мен білім беру саласы тең көрсеткішке ие
  • IT және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандары
  • Ғылыми қызметкерлер
  • Мемлекеттік қызмет және басқару
  • Ауыл шаруашылығы және аграрлық мамандықтар


Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жауабына сәйкес, «Еңбек адамы» идеологиясына сәйкес келетін ТОП-10 мамандық рейтингі:

1. Тізім көшін 42,2 пайызбен медицина мен денсаулық сақтау саласы мамандары (дәрігер, стоматолог, медбике/медаға) бастап тұр.

2. Педагогика мен білім беру саласы мамандықтары, соның ішінде мұғалім, тәрбиеші, оқытушы (29,9%) екінші орында.

3. Үздіктер үштігінің соңғы сатысын мемлекеттік қызмет пен жергілікті басқару саласы мамандықтары (23,2%) иеленді.

Рейтинг бойынша тізбекті әрі қарай жалғайтын мамандықтар:

4. IT мен бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері (21,2%);

5. Ғылым мен зерттеу саласы мамандықтары (17,4%);

6. Өнер және шығармашылық мамандықтар (13,4%);

7. Әлеуметтік желілердегі блогерлер (12,2%);

8. Маркетинг және жарнама мамандары (11,7%);

9. Аэроғарыш саласы (9,8%);

10. Құқық және құқықтану саласы мамандары (8,2%).

Ал 2025 жылы арнайы аталып, реформалау жоспарланып жатқан жұмысшы мамандықтары (механик, машинист, электрик, сантехник, слесарь, құрылысшы) 8,2 пайызбен 11 орынға тұрақтаған.


Сауалнаманы жүргізген мамандар «қазақстандықтар арасында «Еңбек адамы» идеологиясы туралы ақпараттану деңгейі әлі де төмен» деген пікірде. Респонденттердің 67,2%-ы идеология туралы ештеңе білмейтіні, 20,2%-ы құлағы шалып қалғанын айтқаны, тек 6,9%-ы бұл идеологияны білетіндерін жеткізгені зертеу еңбегінде нақты көрсетілген. Сондай-ақ, ақпараттану деңгейі ең төмен топ – 29-45 жас аралығындағы тұрғындар екені де анықталған.

«Еңбек адамы» идеологиясы – еңбектің маңызын ұғындыратын, материалдық және рухани құндылықтарды биік ұстауға шақыратын жоба. Аталған бағыт бойынша жүргізілген жұмыстардың оң нәтижесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының нығаюына, халықтың еңбекке деген құрметінің артуына ықпал етеді. «Еңбек адамы» идеологиясы – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі бола алады.

«Еңбек адамы» идеологиясын дәріптеу Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын іске асыру аясында бой көтерді. 2023-2025 жылдарға арналған «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілету бойынша кешенді жоспар» бекітілді. Жоспардың мақсаты – еңбекті насихаттау және еңбек адамының құндылығын көтеру.

Жоспар бойынша жүзеге асырылуға тиіс мақсат-міндеттер:

  • Бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек адамы мен еңбекті дәріптеу;
  • Әлеуметтік желі, танымал медиаформаттарда еңбек туралы контент жасау.
  • Еңбексүйгіштікке баулу, еңбек мәдениетін қалыптастыруда мектеп алды және мектеп жасындағы балалармен белсенді жұмыс жүргізу;
  • ЖОО мен ТжКБ студенттерінде еңбек құзыреттіліктерін дамыту.
  • Қоғамдық кеңістіктерде еңбек адамын танымал ету.
  • «Байлық – еңбектің нәтижесі», «Еңбек – еркіндік» сияқты хабарларды ілгерілету.

Сондай ақ Жұмыспен қамту саясатын реттеу назардан тыс қалмауға тиіс. Әр тоқсан сайын жаңа көрсеткіштерге ие болып отыратын еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс картасын әзірлеу әрқашан өзекті. Бұл еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары мен жұмыссыз азаматтар санының шамадан тыс көбеюі жағдайына дер кезінде мониторинг жүргізуге жол ашады. Сондай-ақ өңірлердің еңбек нарығындағы тапшылықтың түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Жүйелі үздіксіз мониторинг – жұмыспен қамту саясатын тиімді реттеу және халық арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетудің ең тиімді жолы.

Еліміздің еңбек нарығында тұрақты оң динамика байқалуда: жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жұмыс істейтін халықтың саны артып келеді. Халық арасында еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек мәдениетін дамыту, сонымен қатар, еңбекқорлыққа деген құрметті арттыру мақсатында ақпараттық науқандар мен білім беру бағдарламалары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

Қоғамдық пікірталастар, әлеуметтік бейнероликтер мен арнайы айдарлар арқылы насихаттау, онымен қатар, жастар арасында еңбек құндылығын дәріптеу, танымал еңбек әулеттерінің өмірі туралы деректі фильмдер түсіру, еңбек күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастыру сынды маңызды қадамдар жасалуда.

Дайындаған: Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ