Семей қаласының прокуратурасы "Отбасының цифрлық картасы" жобасын іске асыру аясында төрт баланың міндетті орта біліммен қамтылмағанын анықтады.
ERNUR.KZ. Семейде балалардың білім алу құқығының бұзылу фактілері анықталды.Бірнеше бала отбасының діни көзқарасына байланысты оқымай қалған, деп жазады baq.kz.
Семей қаласының прокуратурасы "Отбасының цифрлық картасы" жобасын іске асыру аясында төрт баланың міндетті орта біліммен қамтылмағанын анықтады.
Өрескел мысалдардың бірі деструктивті діни көзқарасты ұстанған отбасыға қатысты болды. Бұл отбасында 8 бен 13 жас аралығындағы үш бала тәрбиеленіп, ата-анасының наным-сеніміне байланысты мектепке бару мүмкіндігінен айырылып, ерте жастан білім беру жүйесінен тыс қалған. Прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдар әр баланың білім деңгейін бағалап, кейін оларды мектепке қабылдады. Анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларына тәртіптік жаза қолданылды, - деп хабарлады Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Тағы бір жағдайда психикалық дамуы тежелген 9 жастағы баланың құқығы бұзылғаны белгілі болды.
Балаға мүгедектік берілмегендіктен, ол мектептік те, арнайы да білім ала алмаған. Прокуратураның араласуынан кейін бала психикалық денсаулық орталығына стационарлық тексеруге жіберіліп, ресми қорытынды алуға және әрі қарай оқу бағытын айқындауға мүмкіндік жасалды. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп жазылған хабарламада.
Семей қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бойынша белсенді әрі мақсатты жұмысын жалғастыруда.