Ресми мәліметтен әзірге мұғалімнің айлығы жүріп жатқанын аңғаруға болады.
Фото: Ulysmedia
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Семейде шырша безендіру кезінде биіктен құлап, жарақат алған Қуат Айтқалиевке қандай әлеуметтік көмек төленіп жатқанын мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
"Абай облысы Білім басқармасының Семей қаласы білім бөлімінің №49 жалпы орта білім беретін мектебінің жұмыскері Қуат Айтқалиев 12 желтоқсанда 352 767 теңге толық жалақысын алды. 21 желтоқсанда болған жазатайым оқиғадан кейін жұмыскер Қ.Айтқалиевке мектептің бастауыш Кәсіподақ ұйымы тарапынан 50 мың теңге ақшалай көмек көрсетілді", – деп жазылған Kazinform сауалына жолданған мәліметте.
Ресми мәліметтен әзірге мұғалімнің айлығы жүріп жатқанын аңғаруға болады.
"Осы қаңтар айында жұмыскерге 100% еңбекақысы 369 893 теңге көлемінде беріледі. Онымен қоса Абай облысының Білім басқармасы мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағына қарасты Абай облысының кәсіподақ ұйымы арасындағы әлеуметтік әріптестік туралы келісім шарт негізінде 10 күннен астам стационарлық немесе амбулаториялық емдеу шығындарына 15 АЕК (59 980 теңге) көлемінде төленеді. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде 100% жалақысы төленіп отырады, – делінген министрліктің жауабында.
Аталған іс бойынша қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев күдікті деп танылды.
Бас прокурордың айтуынша, әкім орынбасарына қатысты тергеу өткен жылдың 27 желтоқсанында Арайбек Хамзаевтың мұғалімдерді қызметтік міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа тартқаны белгілі болған кезде басталған.
Тергеу "ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша жүргізілуде.