Семейде тестілеуге байланысты дүрбелең басылды

0
597

Қазір қалада ПТР тест қабылдайтын қосымша бірнеше нүкте ашылған.


Семейде тестілеуге байланысты дүрбелең басылды

ERNUR.KZ. Семей қаласындағы зертханалар алдындағы дүрбелең басылған, деп жазады 24.kz.

Ұзын-сонар кезек жоқ. Кеше әлеуметтік желілерде ПТР тест тапсыру үшін халықтың әбігер болып жатқаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл кеше түске дейін ғана болған көрініс дейді мамандар. Медициналық мекемелер сұранысқа сәйкес қосымша нүктелер ашып, жағдай тұрақталған. Дегенмен қала тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдері карантин тәртібін күшейтіп, қаулы қабылдар алдында сақтық шараларын жан-жақты қамтамасыз етуі керек еді деп есептейді.

Бұл – қаладағы қауіпті індетті анықтайтын 4 зертхананың бірі. Жұрт кеше ПТР тестті тапсыруға осында ағылған. Өйткені талдау нәтижесін шұғыл 3 сағатта беретін осы мекеме ғана. Ал қолыңдағы пойызға немесе ұшаққа алған билетің күйіп кетпеу үшін осында келесің. Нәтижесінде кеше мұнда ұзын-сонар кезек пайда болған.

"Кеше бірінші күн жаңа қаулы шыққанына байланысты адам саны өте көп болды. 300-ден астам науқастарды қабылдадық. Тез арада шешім қабылдап, осы емхананың ішінен 3 жерден орын аштық та науқастарды кезексіз тез-тез қабылдадық. Арақатынас әрине басында қолға алу мүмкін болған жоқ. Бірақ кейін барлығын түзеп, күзетшілеріміз арқылы барлығын орнына келтірдік" - дейді зертханашы Айжан Семізбаева.

Зертхана тәулігіне 350 адамнан тест алып, талдау қортындысын бере алады. Бүгін түске дейін 150 тұрғын ғана келіпті. Кезек жоқ, карантин талаптары сақталған.

"Бүгін келгенде ешқандай кезек болмады. Әрқайсысы өзінің кезегімен ПТР тапсырдық және 3 сағаттың ішінде талдау нәтижесін дайындап берді. Ешқандай көп адам жоқ, әрқайсысы арақашықтық сақтап, карантин талаптарынс ақтап барлығын өз кезегімен талдау нәтижелерін алып жатыр" - дейді қала тұрғыны Еламан Нұрланов.

"Мен дәрігерлер жұмысынан кінарат іздей алмаймын, керісінше олар қолдан келген көмектерін аямады. Бұл дүрбелең қаулы қабылдардың алдында осындай жағдайларды ескермей отырған атқарушы билік өкілдерінің кемшілігінен туындады. Сондықтан 20, 30 күн, тіпті бірнеше ай бұрын билет алған жолаушыларды да түсінуге болады. Қаулыны ести сала бәрі осында ағылды. Дәрігерлер өз жұмысын тастай салып, кезек мәселесімен жүгірмеу керек. Мұндайда тәртіп сақшылары жағдайды бақылауға алуға тиісті болатын" - дейді қала тұрғыны Николай Исаев.

Қазір қалада ПТР тест қабылдайтын қосымша бірнеше нүкте ашылған. Дегенмен кешегідей ағылып жатқан қалың жұрт көрінбейді. Өйткені бір тәулік ішінде дайын болатын талдау 9 мың теңге тұрса, шұғыл нәтиже – 10 мың 500 теңге. Сондықтан билеттерін өткізіп тастағандар да көп.