Сенат Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы заңды қабылдады

0
580

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы 2020 жылдың 16 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған.


Сенат Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы заңды қабылдады

ERNUR.KZ. Сенат «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы 2020 жылдың 16 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған.

Біз бүгін осы шартты ратификациялау туралы заң жобасын қарап отырмыз. Жалпы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы осы тектес шартқа 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылған.

Кейін 2013 жылғы 11 қарашада жаңадан шарт қабылданды.

Сондықтан бүгінгі заң – біз үшін тосын жаңалық емес, бұрынғы келісімдердің заңды жалғасы», - деді Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхамед.

Оның сөзіне қарағанда, аталған заңда бірнеше бірлескен әрекеттер алгоритмі қарастырылған. Олар:

- әскерді қолдануды бірлесіп жоспарлау;

- төнген қауіпке қарсы бірлесіп әрекет ету;

- әскери және жедел даярлықты бірлесіп жоспарлау;

- әскери білім мен ғылымды ортақтаса игеру;

- бітімгерлік күштердің құрамында бірлесе әрекет ету;

- мәдениет пен ақпарат саласындағы ынтымақтастықты бірлесе атқару мәселелері.

«Заң жобасы Сенаттың барлық комитеттерінде қаралып, оң қорытындылар келіп түсті. Бұл – еліміздің қорғаныстық қабілетіне қызмет ететін заң», - деді сенатор.