Сенатор отбасын бұзатын коучтарды тәртіпке салуды талап етті

0
99

Оның айтуынша, психолог-коучтар көп жағдайда бала тәрбиесіне қатысты теріс нұсқаулар беріп, эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері кеңес формасында ұсынылады.


Сенатор отбасын бұзатын коучтарды тәртіпке салуды талап етті

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Сенатор Амангелді Есбай отбасын бұзатын коучтарды тәртіпке салуды талап етті, деп жазады sputnik.kz.
Есбай премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында халық арасында психологиялық көмекке сұраныстың артқанын, бірақ онымен бірге сан алуан психолог-коучтардан зардап шеккендердің саны да көбейіп жатқанын жеткізді. Олар ұлттық және отбасылық құндылықтарға қарсы пікірлерді де ашық айтады.
"Олар дін қағидаларын өз бетінше тәпсірлеп, дәстүр мен дін арасындағы тепе-теңдікті бұзып, адамдарды адастырып жатыр. Мысалы, отбасылық кеңес беруді сылтауратып, "Жұбайыңызды қалай өзгертуге болады?", "Балаңызды басқару әдістері?", тіпті, "Ажырасау – жаңа өмірдің басы" секілді радикалды көзқарасты насихаттаушы "мамандардың" әсерінен айрандай ұйып отырған қаншама отбасының шаңырағы шайқалып жатыр", - деді Есбай сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, психолог-коучтар көп жағдайда бала тәрбиесіне қатысты теріс нұсқаулар беріп, эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері кеңес формасында ұсынылады.
"Мұндай кеңестердің нәтижесінде ата-аналар мен балалар арасында сенім жоғалып, психологиялық жарақат пен жанұялық байланыстардың үзілуі жиілеп отыр. Сонымен қатар "Бизнес бастаймыз!", "Қаржылық еркіндікке жетелейміз!", "Миллионер боласың" деген ұранмен жалған коучтар азаматтардың кредит алуға итермелейді. Соның нәтижесінде көптеген адам қаржылық күйзеліске ұшырап, қарызға батады. Жеке өмірі мен отбасына да кері әсері тиеді", - деді Есбай.
Оған қоса, психолог-коучтар табатын кірістер есепке алынбайды және коучингтен зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу тәртібі жоқ.
Осыған байланысты депутат бірнеше ұсынысын жариялады. Олар:
психологиялық және коучингтік заң қабылдау;
ондай қызметті лицензиялауды енгізу;
кәсіби мамандарға ғана коуч мәртебесін беру;
психологтар мен коучтардың бірыңғай тізімін жүргізу.