Бүгінде Астана қаласының айналасында 28 зират пен 1 пантеон бар.
фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Сенатор Андрей Лукин зираттарды жеке меншікке беруге қарсы шығып, мемлекеттік мекемелерді жекешелендіру жоспарынан алып тастауды талап етті, деп жазады sputnik.kz.
Конституция бойынша жердің иесі – халық. Ал Жер кодексіне сәйкес, зираттар жерлеуге арналған арнайы жер болып саналады. Оны коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Бір қабірге кем дегенде 6 шаршы метр бөлінеді.
"Заң бойынша жергілікті билік жерлеу мен қабірлерді күтіп ұстау ережелерін бекіте алады. Алайда жерлеу қызметтерін бәсекелестік ортаға берілсе, осы саланы монополияға айналдыруы мүмкін. Алаяқтық әрекеттер көбейіп, жер учаскелері заңсыз берілуі ықтимал" – деді Лукин сенаттың бүгінгі отырысында.
Осы орайда сенатор Астананы мысалға келтірді. Бүгінде қаланың айналасында 28 зират пен 1 пантеон бар.
"Қазіргі кезде Астанада жерлеудің құны республика бойынша ең төмен болып тұр. Бірақ жекешелендіруден кейін жеке меншік компаниялар бағаны көтере бастайды. Оны бәріміз жақсы түсінеміз. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде жеке меншік компаниялар бір адамды жерлеу үшін 1 миллион теңгеге дейін сұраған. Ал мемлекеттік құрылымдар қолжетімді бағаны ұсынып отырды", - деді сенатор.
Оның айтуынша, зираттар коммерциялық ортаға берілсе, VIP-зираттар көбейеді.
"Мен ондайға қарсымын. Сосын жерлеу рәсімдері бойынша арнайы заң қабылдау қажет. Осы құжатта барлық норма ескерілуі шарт", - деді Лукин журналистерге берген сұхбатында.
Сенатор үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, зираттарға қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелерді жекешелендіру жоспарынан алып тастауды талап етті. Сондай-ақ, негізгі жерлеу қызметтерінің шекті бағасын белгілеуді сұрады. Ал зираттарда жерді заңсыз сатқаны үшін қылмыстық жазаны енгізу керек.