Шамалғандағы апат: Сот үкімі өзгерді

0
796

2019 жылы 15 қыркүйекте Шамалған станциясында рельстің үстінде тұрып қалған жолаушылар автобусымен жолаушылар пойызы соқтығысқан болатын.


Шамалғандағы апат: Сот үкімі өзгерді

ERNUR.KZ. Алматы облыстық сотында Шамалған бекетінде болған жол апатына айыпты болған «Қазақстан Темір жолы» АҚ пен «Қаскелең автобус паркі» ЖШС өкілдерінің апелляциялық шағымы қаралды, деп жазады ҚазАқпарат.

Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясы азаматтық шағымдарды ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды.

Нақтырақ айтқанда, Жәнібекова Э мен Әубәкір Б.М. моральдық шығынды тек Ахмеджанов Д.Д. қызмет еткен «ҚТЖ» ҰК АҚ-нан ғана өндіре алатын болды.

Алайда, жәбірленушілер «Қаскелең автобус паркі» ЖШС моральдық шығынды өндіру үшін сотқа азаматтық шағым түсіруге құқылы боп қала береді.

Сонымен қатар, сот жәбірленушілер Э.А.Жәнібекованың, Б.М.Әубәкірдің және Л.А.Жарылғасованың «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамынан және «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-дан моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап арыздарын қарады.

Э.А.Жәнібекованың пайдасына «Қазақстан темір жолы» компаниясынан - 5 млн теңге, «Қаскелең автобус паркінен» 5 млн теңге өндірілді. Б.М.Әубәкірдің пайдасына «Қазақстан темір жолы» компаниясынан - 15 млн теңге, «Қаскелең автобус паркінен» 15 млн теңге өндірілді.

Л.А.Жарылғасованың пайдасына «Қазақстан темір жолы» компаниясынан 15 млн теңге өндірілді. Сонымен бірге, жәбірленуші Л.А.Жарылғасованың материалдық шығынды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылып, оның пайдасына станция кезекшісі Д.Д.Ахмеджановтан 600 мың теңге өндірілген еді.

Еске салсақ, 2019 жылы 15 қыркүйекте Шамалған станциясында рельстің үстінде тұрып қалған жолаушылар автобусымен жолаушылар пойызы соқтығысқан болатын.

Салдарынан автобус жүргізушісі сол жерде мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті.

Аталған бекетте кезекші болып жұмыс істейтін Д.Д. Ахмеджановқа қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 344-бабы 2 бөлігінде көзделген (жол қозғалысы қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу) әрекетпен сараланып, Алматы облысы Қарасай аудандық сотының өндірісіне түскен.

Сот жазаны тағайындау кезінде станция кезекшісі Ахмеджановтың өз кінәсін мойындап, шын өкінуін, оның жасын, отбасылық жағдайын ескере отырып, оны 3 жыл 6 айға шартты түрде соттаған еді.

Осы оқиғадан кейін Шамалған станциясында эстакада түрінде жол өтпесін салу шешілді. Жүргіншілер көпірініңқұрылысы да басталды.