Шардара су қоймасынан шаруаларға Қызылқұм каналы арқылы 682 млн текше метр су жіберілді

0
409

Бүгінгі таңда су қоймасында 2,6 млрд м3 су бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен 600 млн текше метрге артық.


Шардара су қоймасынан шаруаларға Қызылқұм каналы арқылы 682 млн текше метр су жіберілді

Шаруалардың сұранысына сәйкес егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

«Көктемде су жақсы келді. Осының нәтижесінде Шардара су қоймасы 90%-ға толып, 5 млрд текше метрге жуық су жиналды. Қазіргі таңда орта есеппен 125 м3/с су келіп жатыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 650 м3/с су жіберіп жатырмыз», — деді Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының Шардара өңдірістік учаскесі басшысының орынбасары Ермек Иса.

Түркістан облысы диқандары биыл су тұрақты берілгендіктен мол өнім алып жатқандарын айтады. Қарбыз еккен шаруалар тіпті, тамыз айында екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр.

«Биыл су мол болды. Халық разы. Жылда судан қиналатын едік, бірақ биыл бәрі жақсы. Қыста да суды жақсы алдық, жазда да су уақытылы берілді. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз. Алдағы 10-15 күнде тағы өнім алуға ниеттіміз», — дейді фермер Төлепберген Артықов.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы үкіметаралық отырысында мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы Өзбекстаннан Қазақстанға 922 млн м3 су жіберу туралы келісімге қол жеткізілген болатын.

Жалпы суару кезеңі басталғалы бері Өзбекстаннан елімізге 3,9 млрд текше метр су келді.