Науқастардың жағдайы ауыр.
Фото: inbusiness.kz
ERNUR.KZ. Дәрігерлер Щучинск қаласында болған жарылыс кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz.
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, "Авиценна Бурабай" ауруханасында 4 науқас ауыр жағдайда жатыр. Сонымен қатар көпсалалы облыстық ауруханадағы науқастардың да жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.
"4 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Екеуінің жағдайы аса ауыр. Барлық күш-жігер жұмсалып, көмек көрсетіліп жатыр. Астанадан анестезиолог-реаниматологтар, эфферентологтар келді, олар қазір гемофильтрация процедурасын жүргізуде", – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек 5 пациент Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына медициналық авиация желісі арқылы жеткізілген. Олардың арасында ерлі-зайыптылар – 1990 жылғы ер адам мен 1989 жылғы әйел адам, 1977 жылы туған ер адам, 1988 жылы туған ер адам және 2006 жылғы қыз бала бар.
"Қазіргі уақытта 3 пациент комбустиология бар іріңді-септикалық хирургия және департаментінде ем қабылдауда. Екі пациент анестезиология, реанимация және қарқынды терапия департаментінде жатыр. Зардап шеккендердің жалпы жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Оларға барлық қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде", – делінген хабарламада.


