​Шерзат ісі: уақытша ұстау изоляторының басшысы қызметінен босатылды

0
185

Әлеуметтік желіде 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша ұсталғандар уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап жатқаны туралы видео пайда болған еді.


​Шерзат ісі: уақытша ұстау изоляторының басшысы қызметінен босатылды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ERNUR.KZ. Шерзат Полаттың өліміне қатысты күдіктілердің түрмеде туған күн тойлаған видеосы әлеуметтік желіде тарған болатын. Осыдан кейін жауаптылар жұмыстан қуылып, бақылау күшейтілді, деп жазады inform.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданыны уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді.

— Видеоны уақытша ұстау изоляторының бұрынғы қызметкері түсіргені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, жұмыстан қуылды,— делінген хабарламада.
Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды,— деп атап өтті министрліктен.
Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.
Осыған дейін әлеуметтік желіде 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша ұсталғандар уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап жатқаны туралы видео пайда болған еді.
Осыған дейін Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс сотқа қашан жолданатыны туралы жазған едік.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жасар жасөпірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.
Былтыр желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.
Кейін Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай ұсталған болатын.