Облысқа қарасты Алтай ауданында қоғам белсендісі Антон Князев Instagram желісінде тікелей эфир қосқан күйі үстіне бензин құйып жіберген.
ERNUR.KZ. №2 аудандық сотының ауласына кірген ер адам жолдардың сапасы нашар болуынан өзінің де, тұрғындардың да көлігі үнемі бұзылатынын айтты, деп жазады stan.kz.
Сот ғимараты Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында орналасқан. Үстіне жанармай құйып, қолына оттық алған ер адам куәгерлерден сот қызметкерлерінің бірін шақырып келуді сұрапты. Егер ешкім шықпаса, өзін өртеймін деп қорқытқан. Анықталғандай, мәселе қала әкімі Нұрлан Махамбетовке азаматтық талап қоюмен байланысты болып шықты. Сот ісінің құжатына сүйенсек, екі тараптың медиативтік келісім жасасу құқықтары түсіндірілгені айтылады. Дегенмен аталған жайтты бейбіт түрде шешу мүмкін болмаған. Антон Князевтің сот ғимаратына дейін келуінің себебі сол, жергілікті жолдардың нашар болуынан көлігіне зақым келген.
"Көлігім бүлінді, басқалары да осындай машақат көріп келеді. Облыстағы жолдардың жағдайы қанағаттанарлық деп жатқанда мынау барып тұрған заңсыздық. Ақылға сыймайтын жайттар көп болып жатыр, мемлекет соның бәріне жан-жақты назар аударуын қалаймын. Әсіресе соттарға белсенді болу қажет. Ойларын білейін деп осында әдейі келдім, ал олар әлденеден қуыстанып шықпай қойды. Қарапайым адаммен салыстырғанда, қызметте отырған адам жазасын алмаса не болатынын өздеріңіз де көрдіңіздер. Бұлай болуы әділетті ме?" – деді қоғам белсендісі тікелей эфир барысында.
Сот қызметкерлері сол күйі шықпады
Бұл кезде Антон Князевке тәртіп сақшылары мен мемлекеттік құрылым өкілдері келіп, сабырға шақыруға тырысқан. Қолындағы оттықты тастауын өтінсе де, қоғам белсендісі сотпен немесе сот қызметкерімен сөйлесуді талап етіп, өз дегенінен қайтпады. Содан оқиға орнына қала әкімі Нұрлан Махамбетов келді.
"Айтыңыздаршы, жөн-жосықсыз келіп отырмын ба? Істеп отырғаным заңға қайшы демексіздер ме? Өз мүлкім осымен үшінші мәрте бүлінді, ал өтінішіме ешкім құлақ аспайды. Түбінде сотқа дейін барсақ, әкімдердің не қажеті бар? Қандай жағдай болса да, дұрыс, әділ шешім шығарылуын өтінемін", – деді Антон Князев қала әкіміне қарата сөйлеп.
Осындай созбалаң әңгіме шамамен бір сағатқа созылды. Өткен-кеткен тәртіп сақшылары мен шенеуніктер ер адамды қолындағы канистрасы мен оттығын тастап, сабырмен сөйлесуге шақырды. Одан қалса, түйткілін арқалап келген кез келген адам үшін алдағы уақытта ведомстволардың есігі әркез ашық болатынын айтқан. Екі жақ канистрасыз, қызметтік кабинетте әңгімелесуге келіскенде ғимарат алдында тікелей эфир қосып, өзін өртемек болған адам ауладан кетіп қалды. Сот қызметкерлері сол күйі шықпады.