Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны 56 келіден аса марихуанамен ұсталды, деп жазады Тengrinews.kz.
"Ағымдағы жылдың 11 қазанында "Көкнар-2019" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Шу ауданы Бесқатын учаскесінің құмды аймағында Жамбыл облысының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жаңа-жол ауылының 40 жастағы тұрғынын ұстады. Есірткі өткізушіні жалпы салмағы 56 келі 800 грамм "кептірілген марихуана" есірткі заты бар төрт қаппен есірткі сақтау орнын қазу кезінде ұстады", - делінген хабарламада.
Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Каннабистік топтағы есірткіні дайындаумен және шығарумен айналысатын адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған "Көкнар-2019" жедел алдын алу іс-шаралары құрамында есірткі бар өсімдіктердің жетілу кезеңінде жоғары белсенділікпен жүргізіледі.
Алдын алу шаралары барысында тәртіп сақшылары тек жеке дайындаушыларды ғана емес, сонымен қатар қылмыстық топтарды анықтайды. Осы бағыттағы алдын алу жұмыстары жалғасады.