Биыл наурыз айында екі мемлекеттің бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды.
ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапур Президенті Халима Якоб келіссөздер жүргізді, деп жазады inbusiness.kz.
Тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне баса мән бере отырып, екі ел қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады.
"Сингапур Президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті", – деді Мемлекет басшысы.
Биыл наурыз айында екі мемлекеттің бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды. Президент осы кезеңде елдеріміз арасында өзара сенімді саяси диалог пен белсенді парламентаралық байланыстар қалыптасқанын атап өтті.
"Қазақстан мен Сингапур қатынастарында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ерекше орын алады. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың берік негізі қаланғанына тоқталды. Бұл орайда жақында құрылған Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.
"Сингапурға турист ретінде баратын азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Әрине, Сіздің елден келетін туристер мен бизнесмендерге біздің есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан Қазақстан Сіздің елмен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екенін тағы да айтқым келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.