Сириядан қайтарылған 18 жетім баланың туыстары табылды

0
1 056

Сириядан қайтарылған 18 жетім баланың туыстары жеткіншектерді өз отбасыларына қабылдауға дайын.


Сириядан қайтарылған 18 жетім баланың туыстары табылды

ERNUR.KZ. Сириядан қайтарылған 18 жетім баланың Қазақстандағы туыстары табылды. Бұл туралы «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев мәлім етті, деп жазады inform.kz.

«Алдын ала тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық балалардың туыстары табылды. Олар жеткіншектерді өз отбасыларына қабылдауға дайын. Бұл тұрғыда баланы асырап алуға, құжаттарды қалпына келтіруге қатысты қажетті заңнамалық рәсімдер бар екенін түсіну керек. Бұл шаралар орындалғаннан кейін, жетім балаларды өз жақындарының тәрбиесіне беру үшін ешқандай кедергі болмайды», - деді Б. Рахымбердиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Белгілі болғандай, Қазақстанға келгеннен кейін 16 ер адам мен 4 әйел ДАИШ жағында террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынды