СҚО-да бір отбасының тұшпарадан улану ісіне қатысты ауыл медбикесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

0
373

Үш жасар ұлы таңертең үйде анасының көзінше көз жұмған.


СҚО-да бір отбасының тұшпарадан улану ісіне қатысты ауыл медбикесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысы Надежка шағын ауылында 13 маусымда бүтін бір отбасы тамақтан уланып, өрімдей екі бала көз жұмған еді. Бірақ бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ, деп жазады stan.kz.

Бастапқыда БАҚ хабарлағандай, отбасы тамақтан уланған. Анасының сөзінше, кешкі асқа барлығы пицца, шұжық, дүкендегі тұшпараны жеп, газдалған сусын ішкен. Артынша отбасы мүшелерінің барлығы ауырып қалған.

Алдымен үш жасар ұлы таңертең үйде анасының көзінше көз жұмған. Келесі күні ауруханада жеті жасар қызы о дүниелік болды. Бірнеше күн бойы он жасар ұлы мен анасы жансақтау бөлімінде жатып, аман қалды. Ал отағасы ауруханаға жатуды қажет етпеген, дегенмен ол да өзін нашар сезінген.

Содан кейін үйге түнде жергілікті аурухананың медбикесі шақырыған. Ол барлығын тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Таңертең үйдің кенжесі көз жұмған соң, бүкіл отбасы екі жедел жәрдем көлігімен Петропавлға жеткізілген. Оларға шұғыл госпитализация қажет болды.

"1996 жылы туған ана қалалық бірінші аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді. Облыстық балалар ауруханасына 2017 және 2014 жылы туған екі бала жеткізілді. Олар бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. 2017 жылы туған қыз ауыр халде түсіп, жағдайы тұрақсыз болған. Ол жасанды желдетуге ауыстырылды. Кешке толық емделгеніне қарамастан, қайтыс болды", – деді облыстың денсаулық сақтау басқармасы.

Дәрігерлер балалардың өлімінің алдын ала себебін токсикалық тамақ инфекциясы және церебральды ісіну деп атады. Тексеруден кейін полицейлер балалардың өліміне нитритпен улану себеп болғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары олардың тағамға қалай түскенін нақтыламады.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті "Абайсызда адамдардың жаппай улануына және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіп жатыр. Бірақ қылмыс айғағы болмағандықтан тоқтатылды.

"Осы қылмыстық іс материалдары жеке өндіріске бөлініп, Қылмыстық кодекстің 317-бабының 4-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келген іс-әрекеттер) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауылдық медбике 15 тамызда өз еркімен жұмыстан кеткен.