Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде өтіп жатыр.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде өтіп жатыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар маңызды нысандарды аралап, жағдайды жеке бақылауына алды. Тасқын судың жолында тұрған Прибрежное елді мекенінде су тасқынына қарсы штаб құру тапсырылды.
Қазір Прибрежное ауылына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолы жаңғыртудан өтіп жатыр. Оның ішінде үш аралықты көпір өткелінің құрылысы да бар. Жұмыстар, мамандардың айтуынша, белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бүгінде өзендердің су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр. Барлық қажетті күштер мен құралдар тасқынның алдын алуға жұмылдырылған.


