Олар сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденгені немесе ысырап еткені үшін айыпталған болатын.
ERNUR.KZ. Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевтің ісі бойынша үкім жарияланды. Сот сотталушыларды іс бойынша кінәлі емес деп таныды, деп жазады sputnik.kz.
Іс бойынша процесс Нұр-сұлтан қаласының "Байқоңыр" ауданының №2 сотында өтті. Істі судья Кемеңгер Имашев қарады.
"Сот Бақытжан Жақсалиевті, Ғани Сәдібековті қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағындағы қылмыстық құқықбұзушылық бойынша кінәсіз деп танып, әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағаны үшін ақтады", - деді үкімді оқыған судья Кемеңгер Имашев.
Сондай-ақ, сот Жан Нұрбеков, Дәурен Дуанбек, Бекзат Қадырберлин, Серік Жұмалинов, Берден Жаркенов, Нұрлан Ғарифолла сияқты басқа да сотталушыларды ақтады. Сәдібеков пен Жақсалиев Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы Қарасу көлін тазарту барысында аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденгені немесе ысырап еткені үшін айыпталған болатын. Екеуінің де ісіне "Аймақ" ЖШС мердігерлік ұйымының қатысы болған.
2021 жылы 6 қазанда қылмыстық іс бойынша жарыссөз басталды. Онда прокурор Жақсалиевті кінәлі деп тануды және мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Сәдібековтің мүлкін тәркілеп, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыра отырып, 10 жылға соттауды сұрады.
Бұрынғы екі вице-министрден бөлек, тағы алты адамның әрекеті қаралды. Тергеу мәліметінше, олар қылмыстық схемаға қатысқан.
Бұрынғы вице-министрлер ісі
Бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев 2018 жылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Сәдібеков пен Жақсалиев соты 2019 жылдың желтоқсан айында басталды. Бірақ заңбұзушылықтарды жою үшін іс прокурорға қайтарылды. 2021 жылы 21 маусымда алдын ала тыңдау өтті, содан кейін іс Нұр-сұлтан сотына қайтарылды. Жаңадан алынған сараптама нәтижелерін ескере отырып, ұрланған ақша сомасы 778 миллион теңгеге дейін азайды.