Сот Хаменованы үй қамаққа жіберудің себебін түсіндірді

0
592

Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін Хаменова Nur Otan партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болды.


Сот Хаменованы үй қамаққа жіберудің себебін түсіндірді

ERNUR.KZ. Атырау мамандандырылған тергеу соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үй қамаққа жіберді, деп жазады inbusiness.kz.

"Күдіктінің жалғызбасты әйел екендігі, Атырауда тұрақты тұратындығы, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағаны, бұрын сотталмағаны, бір өзі екі жас баланы тәрбиелеп отырғаны, асырауында қарт анасының болуы назарға алынды. Сот оған қатысты процессуалдық шектеулерді белгілей отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау қажеттігі туралы қорытындыға келді", - делінген хабарламада.

Бұдан басқа оның қылмыстық процеске қатысушыларға "қысым көрсетіп отырмағаны", тиесілі мүлігін "сатуға қоймағаны", тұрғылықты жерден шығып кету үшін "жол жүру билеттерін алмағаны" есепке алынған.

Айта кетейік, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Хаменова және облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысына қатысты тергеу бастады.

"Олар Атыраудағы Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша Мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін ЖШС басшысынан 145 млн теңге сомасында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында пара алды деген күдікке ілінді", - деп хабарлады ведомстводан.

Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін Хаменова Nur Otan партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болды.