Сот залындағы әйнекті сындырған Хасан Қасымбаевқа қандай жауапкершілікке тартылады

0
130

Оқиғаға адвокат Абзал Қасымжанов түсініктеме беріп, соттағы мүлікті бүлдіргені үшін Қасымбаевқа қандай жаза қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді.


Сот залындағы әйнекті сындырған Хасан Қасымбаевқа қандай жауапкершілікке тартылады

Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Алматы облысының полициясы 11 қарашада үкім жарияланар алдында сотталушыларға арналған кабинадағы терезені сындырған Хасан Қасымбаевтың әрекетін тексеріп жатыр, деп жазады stan.kz.

Алматы облыстық полиция департаменті бұл факт аудандық полиция бөлімінде тіркелгенін мәлімдеді.

"Барлық қажет процессуалдық тексерулер жүргізіліп жатыр. Олар аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады", – делінген полиция мәлімдемесінде.

Полиция өкілдері сонымен қатар Талғар аудандық сотының әкімшілігінен бұл оқиғаға қатысты ешқандай шағым түспегенін мәлімдеді. Бұған дейін Алматы облысы сот әкімшілігі департаменті сот залын "тиісті күйге" келтіргенін, ал сынған пластик терезені сотталушы Хасан Қасымбаевтың туысы қалпына келтіргенін айтқан еді.

Оқиғаға адвокат Абзал Қасымжанов түсініктеме беріп, соттағы мүлікті бүлдіргені үшін Қасымбаевқа қандай жаза қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, заңнама мұндай әрекеттерді келесі баптар бойынша қарастыруы мүмкін:

- ҚК 202-бабы – "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру"

- ҚК 410-бабы – "Сотты құрметтемеу"

- ҚК 293-бабы – "Бұзақылық"

"Заңнама бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті тікелей көздейді. Қылмыстық кодекс бұл қылмыс үшін, оның ішінде 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция қарастыруы мүмкін", – деді адвокат.

Сондай-ақ Абзал Қасымжанов Қасымбаев сотты құрметтемеу бабымен де жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтады. Бұл бап бойынша:
- 160 АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылғы есеппен 629 120 теңге);
- осы мөлшерде түзету жұмыстары;
- 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 40 тәулікке дейін қамау қарастырылған.

Бұдан бөлек, оның әрекеті бұзақылық деп те бағалануы мүмкін.

"Яғни қоғамға айқын құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, оған қоса бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру. Бұл бап бойынша да 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – деді адвокат.

Еске салайық, 11 қарашада үкім оқылатын күні Хасан Қасымбаев сотталушыларға арналған кабинадағы пластик әйнекті сындырған. Оқиға Қасымбаев пен басқа айыпталушылардың сот залында журналистердің болуына наразылығынан туған. Ол "Мыналардың бәрін шығарыңдар" деп айқайлап, пластик терезені ұрған.

Әйнек сынықтары залға шашылды. Оны видеоға түсіріп үлгермеді, өйткені айыпталушылардың туыстары мен жақтастары кадрға түсіп қалмау үшін бетін жауып тұрған.

Осыдан кейін сот қызметкерлері журналистер мен операторларды залдан шығарып жіберді. Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы олардың "қауіпсіздігі үшін" шығарылғанын айтты.

Процесс аяқталған соң адвокат Нариман Кервенов өз қорғалушысының әрекетіне пікір білдірді.

"Өзім бұл сәтті көрмедім, бірақ әркім өз наразылығын түрліше білдіреді. Біреу бірдеңені сындырады, біреу сөзбен айтады. Мен көрмеген соң нақты баға бере алмаймын", – деді ол.

11 қарашада сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлады, қасақана ауыр дене жарақатын салды және қорқытып ақша алған деген айыптар бойынша кінәлі деп таныды.

Қылмыстар жиынтығы бойынша ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Соңғы сөзінде Қасымбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын айтып, өзін ақтауды сұраған. Алайда оның уәждерін негізсіз деп тапты.

Басқа сотталушылар 8 жылдан 22 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, “Хутор” бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында, талғарлық жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен бір айдан кейін ұсталған еді. Ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды.